Трамптың әлемдік тәртібі Қазақстанға қандай тәуекел мен мүмкіндіктер әкеледі?

Фото коллаж: QazaqToday, AI

Трамптың жаңа саясаты әлемдік тәртіпті өзгертіп жіберді. Бұл өзгерістің өзегі – протекционизм, күш пен сауда саясаты, санкциялық қысым және доллар үстемдігін күшейту. Алда бұл үрдістер Қазақстанның дамушы экономикасына елеулі сын-қатерлер тудырады.

Трамп әкімшілігі ішкі өндірісін қорғау үшін импорттық баж салығын өсіріп, капиталды АҚШ нарығына қайтаруы жағдайында доллар нығайып, дамушы нарықтардан капиталдың кетуі күшейеді. Бұл Қазақстан үшін теңгенің әлсіреп, сыртқы қарыздың қымбаттауы және инвестициялық тәуекелдердің артуы деген сөз. Қазақстан экономикасы әлі де мұнай экспортына – доллармен есептелетін табысқа тәуелді. Демек, доллардың күшеюі теңгеге қысым түсіріп, валюта бағамы әлсірейді де, импорт қымбаттайды. Мұнай бағасының тұрақсыздығы бюджетті жоспарлауды қиындатады. АҚШ-тың ОПЕК-ке қысымы мұнай нарығындағы құбылмалылықты күшейтіп, Ұлттық қорымызға түсетін түсімнің азаю қаупін арттырады.

Экономикалық қысымның салдары халықтың күнделікті өмірінде айқын сезіледі: инфляция өседі, азық-түлік пен импорттық тауарлар қымбаттайды, нақты жалақы өсімі баяулайды. Бұл әлеуметтік көңіл-күйдің нашарлауына, аймақтар арасындағы теңсіздіктің ұлғаюына және әлеуметтік наразылық тәуекелінің артуына әкелуі мүмкін.

Жаңа реализм және ескі ережелердің күйреуі

АҚШ-тың тарифтік саясаты Дүниежүзілік сауда ұйымын (ДСҰ) әлсіретті. Егер ірі державалар ережені елемей, күшпен шешім қабылдай берсе, ДСҰ формалды институтқа айналуы мүмкін. Бұл жағдайға қатысты Qazaqtoday тілшісі саясаттанушы маманға жүгініп пікірін білді. Сарапшы Жанат Момынқұлов халықаралық жүйенің түбегейлі өзгеру кезеңіне өткенін алға тартады. Оның пікірінше:

«Бұрынғы өзара тәуелділікке (interdependent system) сүйенген, ережелер мен институттарға негізделген тәртіп әлсіреп, оның орнын қатал, айқын реализм басуда. Бұл жағдайда “бәрін күш шешеді” деген қағида қайта алдыңғы қатарға шықты. Геосаяси бәсеке артып, қауіпсіздік бірінші орынға қойылды, ал моральдық декларациялар мен көпжақты келісімдер екінші планға ығысты».

Шын мәнінде, шағын және орта мемлекеттер үшін қауіп төніп, құқық тетігі азайып, “кім күшті – сол дұрыс” қағидасы үстемдік етуде.

Бейтараптық па, әлде стратегиялық айқындық па?

Бұл жағдайда Қазақстан пассив бейтараптықты ұстанып отыра алмайды. Көпвекторлы саясатты қайта форматтау қажет. Ол бұрынғыдай “бәрімен жақсы болу” емес, тәуекелдерді басқару құралына айналуы тиіс. Жанат Момынқұлов бұл орайда біздің көршілес алпауыттармен қарым-қатынасымызға қатысты нақты сұрақтар қою қажеттігін ескертеді:

«Ресейдің агрессивті риторикасы мен Қытайдың стратегиялық амбициялары жағдайында негізгі сұрақтар ашық қойылуы тиіс: Ресей үшін біз кімбіз? Оған қарсы қолымызда не бар? Қытай үшін біз кімбіз? Олар біздің қай жерімізден сескенеді? Қандай активтер кімге берілуі мүмкін, ал қайсысы ешқашан сауданың нысаны болмауы керек?».

Сарапшының пайымдауынша, көптеген елдер Трамппен бірге келген реализмге бейімделе алмай, ескі концепциялармен жүр, ал Қазақстан үшін бұл сұрақтардан қашпай, оларды ақылмен талдау – басты міндет.

Жылдамдық пен дипломатияның жаңа стилі

Бір нарыққа тәуелділікті азайту, экспорт географиясын кеңейту және транзиттік әлеуетті геосаяси актив ретінде пайдалану маңызды. ДСҰ әлсіреген жағдайда аймақтық және шағын коалициялар ерекше маңызға ие болады. Қазақстан үшін Орталық Азия елдерімен экономикалық интеграцияны тереңдету осы сыртқы күйзелістерден қорғанудың тиімді жолы.

Сонымен қатар, проактивті экономикалық дипломатия қажет. Алайда, Жанат Момынқұловтың айтуынша, қазіргі дипломатиямыз әлі де ескі инерциямен, тым сақ және бюрократиялық сипатта қалып отыр. Ол ҚР СІМ-ге нақты ұсыныс айтады:

«Қазіргі жағдайда Қазақстан тым алаңшыл, тым реактивті көрінеді. Ал біз шын мәнінде шағын әрі ықшам мемлекетпіз, ірі көршілерімізден артықшылығымыз – шешім қабылдауда жылдамдыққа қабілетіміз бар. Жаңа кезең Қазақстаннан стандарттан тыс қадамдарды, интуитивті батылдықты және қарсы тараптан 5–6 қадам алда жүруді талап етеді. Мысалы, Израиль мен Украина кей сәттерде жылдамдық пен батылдықтың арқасында ұтымды позиция ала алды. Қазақстан дәл осы “уақыт пен темп” факторын тиімді пайдалануы тиіс».

Бұған қоса, сарапшы Қазыханов, Көшербаев сынды тәжірибелі әрі беделді тұлғаларды алдыңғы шепке шығару керектігін меңзейді.

Ішкі тұрақтылық және ұлттық мүдде

Ең маңызды фактор – ішкі тұрақтылық. Әлемдік ережелер бұзылып, белгісіздік артқан кезеңде әлеуметтік келісім, институционалдық сенім және халықтың мемлекетке деген сенімі ұлттық қауіпсіздіктің негізгі тірегіне айналады.

Трамптың бұл протекционизмі – уақытша құбылыс емес, жаңа дәуірдің сипаты. Енді экономикалық тәуекелдер саяси сипат алады. Қазақстан үшін ең үлкен қауіп – баяу реакция білдіріп отыра беру. Ал ең үлкен мүмкіндік – өзгерістерге тез бейімделу. Жанат Момынқұлов бұл ойды былайша түйіндейді:

«Қазіргі әлемде қазақ елі – өспей қалған “тәрбиелі бала” емес, ебедейсіз енжар қарт та емес, тез бейімделетін, интуициясы мықты, мүмкіндікті дер кезінде пайдаланатын белсенді субъект болуы керек. Бұл реализм – агрессия емес, тірі қалу стратегиясы».

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика