Астанада «Әділет» партиясы құрылды: съезде қабылданған шешімдер белгілі болды

Астанада «Әділет» партиясы құрылды: съезде қандай шешім қабылданды?

Астана қаласында «Әділет» жаңа партиясының құрылтай съезі өтті. Жиынға қатысқан 391 делегаттың барлығы партияны құруды бірауыздан қолдап дауыс берді деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Сонымен қатар съезде жаңа ұйымның ресми атауы – «“Әділет” партиясы» қоғамдық бірлестігі болып бірауыздан бекітілді. Бұл кезеңнен кейін саяси бірлестік Әділет министрлігінде ресми тіркеу рәсімін жалғастыруға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, бастамашыл топ партия құру туралы 15 сәуірде мәлімдеген болатын. Оның құрамына кәсіпкерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар кірген. Партияны құрушылар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және жаңа Конституция қағидаттарына сүйенуді мақсат етеді.

Заң бойынша Қазақстанда саяси партияны тіркеу үшін кемінде 5 мың жақтас жинау керек, сондай-ақ әр облыста және республикалық маңызы бар қалада кемінде 200 адам болуы тиіс. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, партияның әр өңірде 200-ден астам жақтасы бар және мүшелікке өтініш бергендер саны 8 мыңнан асқан.

Сонымен бірге «Әділет» партиясының құрылтай съезіне келген бірқатар БАҚ өкілінің жұмыс істеуіне толық жағдай жасалмағаны хабарланды. Олардың сөзінше, журналистер залға кіргізілмей, шараны балконнан бақылауға мәжбүр болған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика