Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының өліміне басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындады. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған дерек бойынша, күдікті қазір тергеу изоляторында сотты күтіп отыр. Айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен танысып, төрт адамды өлтіру дерегі бойынша кінәсін мойындаған.
“Барлық тергеу әрекеттері аяқталды. Іс толық дайын, жақын күндері сотқа жолданады. Сот процесі осы айда басталады”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиевтің есі дұрыс екенін айтқан еді.
Күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша ресми айып тағылды.
Тергеу барысында бұл қылмыстың тек кісі өлімімен шектелмегені анықталды. Күдіктіге қатысты қосымша «Ұрлық» (188-бап) және «Алаяқтық» (190-бап) баптары бойынша да іс қозғалған. Анықталғандай, ол марқұмдардың мал-мүлкін заңсыз сатып қана қоймай, қаза болған жандардың банктік карталарындағы қаражатты да жымқырып үлгерген.
Тағылған айыптарды ескерсек, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
