Анара Батырханға «Ерен еңбегі үшін» медалі не үшін берілді? Министрлік түсініктеме берді
Анара Батырханның «Ерен еңбегі үшін» медалін алуына қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігі түсініктеме берді. Әлеуметтік желідегі талқылауға жауап.
Фото: instagram.com/anarabatyrkhan
Әнші әрі блогер Анара Батырханның «Ерен еңбегі үшін» медалін алуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жұрт оның мемлекет алдындағы қандай еңбегі үшін марапатталғанын сұрап жатыр. Бұл сауалға Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап берді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Анара Батырхан Республика күні қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын. Алайда бұл шешім көпшіліктің көңілінен шыға қоймаған сыңайлы.
Журналист Иван Стрижаков әншінің марапат алуына күмән келтіріп, бейнежазба жариялаған. Оны 300 мыңнан астам адам көрген. Жазбаның астына пікір қалдырғандар Батырханның елге сіңірген еңбегін сұраған.
Желі қолданушыларының бірі әншінің халықаралық байқауларда жеңіске жеткен-жетпегенін сұраса, енді бірі TikTok-та тікелей эфирге шығып, көрерменнен ақша жинағаны үшін мемлекеттік марапат беріле ме деген сауал тастаған.
Ал өзін дәрігермін деп таныстырған әйел мұндай марапатты 42 жыл еңбек еткеннен кейін ғана алғанын жазған.
Осыдан кейін Tengri Life Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне сауал жолдаған.
Ведомствоның түсіндіруінше, «Ерен еңбегі үшін» медалі экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет және мемлекеттік қызметтегі жетістіктер үшін беріледі.
Заңның 4-бабына сәйкес, марапатқа үміткерді мемлекеттік органдар, шығармашылық одақтар, өзге ұйымдар мен еңбек ұжымдары ұсына алады. Әр үміткерге арнайы марапаттау парағы толтырылады. Онда адамның еңбек жолы, нақты жетістіктері мен кәсіби табыстары көрсетілуге тиіс.
Ал мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия үміткерлерді алдын ала қарап, марапаттау туралы ұсыныс әзірлейді.
Бірақ бір қызығы, комиссияның шешімін түсіндіру міндетті емес екен.
«Нұсқаулықтың 10-тармағына сәйкес, комиссия шешімдері түсіндірілмейді. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша мемлекеттік наградаларға қатысты мәліметтерді, оның ішінде марапатталған азаматтардың марапаттау парақтарын беруге шектеу қойылған», – деп мәлімдеді комитет.
Сонымен, Анара Батырхан қандай еңбегі үшін марапатталды?
Комитет әншінің 2014 жылдан бері мәдениет саласында жұмыс істейтінін алға тартқан. Ол ән айтады, киноға түседі, тележүргізуші болып еңбек етеді. Сондай-ақ түрлі музыкалық жобаларға қатысып, қазақстандық музыканы насихаттауға үлес қосып жүргені айтылған.
Дегенмен ведомство әншінің медаль алуына негіз болған нақты жетістіктерін жеке-жеке атаған жоқ.
«Анара Батырханның кандидатурасы заңнамада белгіленген тәртіппен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ұсынылды», – деп жауап берді Мәдениет комитеті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланған болатын.
