Freedom Bank банкоматы 2 млн теңгені жұтып қойды: клиент ақшасын қайтара алмай жүр
Алматыда Freedom Bank банкоматы клиенттің 2 млн теңгесін қабылдап, шотқа аудармады. Клиент ақшасын қайтара алмай жүр, банк тек күтуді ұсынған.
Алматыдағы Қабдолов көшесі, 1/8 мекенжайындағы Freedom Bank банкоматы клиенттің 2 миллион теңгесін қабылдағанымен, депозиттік шотына аудармаған. Оқиға 7 қараша күні кешкі сағат 18:00 шамасында тіркелген: тұрғын банкомат арқылы депозитін толықтырмақ болғанда, құрылғы ақшаны ішіне тартып алғанымен, шоттағы қаражат өзгеріссіз қалған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Клиент жағдайды бірден банкке хабарлап, шағым түсірген. Алайда арада бір тәулік өтсе де, ақшасы қайтарылмаған. Оның айтуынша, банк өкілдері нақты шешім ұсынудың орнына тек күту керектігін айтқан.
«Клиент банкке 2 миллион теңге қарыз болса, оған да осылай күтіңіздер дей ме?» деп ашынған тұрғын әлеуметтік желіде наразылығын білдірді.
Енді клиенттің басты талабы – банкоматта қалып қойған 2 миллион теңгені шотына қайтару. Банк тарапынан мәселенің қашан шешілетіні әзірге белгісіз.
