Негізгі мазмұнға өту
Жексенбі, 25 қазан 2026 $ 452,4↑€ 506,9↑₽ 5,63↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Әлем көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілері құттықтады.

    Әлем көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады

    Фото: Ақорда

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен ұлттық мереке – Республика күніне байланысты құттықтаулар келіп түсіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатында Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын атап, еліміздің халықаралық қатынастардағы салмақты әрі сындарлы рөлін, сондай-ақ әлемдегі жоғары беделін айрықша атап өтті. «Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында жемісті дамып келеді. Барлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымызды достас халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында дәйекті түрде тереңдете береміз деп сенемін», – деп жазды Владимир Путин.

    Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда ауқымды саяси реформалардың жүзеге асырылып жатқанын, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық өсудің орнықтылығын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, елдің өңірлік және халықаралық позициясын нығайту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Қазақ-қытай қарым-қатынасын ілгерілетуге ерекше мән беремін. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесе күш жұмылдыруға, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін ықпалдастық мазмұнын байытуға әзірмін», – деді Си Цзиньпин.

    Бұған дейін Мемлекет басшысының атына құттықтау хатын АҚШ Президенті Дональд Трамп та жолдаған болатын. «Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе», – деп жазған Дональд Трамп.

    Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев соңғы жылдары екі ел басшыларының бірлескен ерік-жігерінің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасында орнаған стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасқа көңілі толатынын жеткізді. Бұл тату көршілік пен тығыз достық қағидаттарына негізделген байланыстарымыздың жаңа сипатқа ие болғанын көрсетеді.

    Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 1990 жылы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздігіне жол ашқанын, сондай-ақ елдің тарихи мұраға адалдығын және халықтың дербес ел болашағының іргесін қалау жөнінде батыл шешім қабылдағанын паш еткенін атап өтті.

    Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен арадағы тарихи дәстүрді, өзара құрметті және сенімді арқау еткен достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жазды.

    Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов құттықтауында Қазақстан егемендік жылдарында мемлекеттілікті нығайтуда, халықтың әл-ауқатын жақсартуда және елдің халықаралық аренадағы беделін арттыруда айтарлықтай табысқа жеткеніне назар аударды.

    Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған тарихи және мәдени тамыры біте қайнасқан екі елдің ерекше қарым-қатынасы қос халықтың игілігі үшін кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тереңдей беретініне сенім білдірді. «Биыл 14 мамырда Астанада өткен Қазақстан мен Түркияның Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы, сондай-ақ Түркістанда ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті стратегиялық серіктестігіміздің беріктігін айқын көрсетті», – деді Режеп Тайип Ердоған.

    Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан халқы бауырлас ел ретінде Қазақстанның елеулі табыстарына риясыз қуанатынын жазды. «Өзара тұрақты сапарларымыз, кездесулеріміз бен жоғары деңгейдегі белсенді диалог екіжақты қарым-қатынастарды анағұрлым қарқынды дамытып, стратегиялық серіктестікті, сондай-ақ одақтастықты нығайту және оны жаңа мазмұнмен байыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сіздің жуырда АӨСШК жетінші саммитіне қатысу үшін Әзербайжанға сапармен келгеніңізді жоғары бағалаймын», – деді Ильхам Әлиев.

    Франция Президенті Эмманюэль Макрон жеделхатта ізгі тілегі мен ықыласын білдірді. «Қазақстан жұртшылығына француз халқының шынайы достық ниетін жеткізуіңізді өтінемін. Дипломатиялық байланыстардың 35 жылдығы аясында және Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері елдеріміз екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып, бейбіт, өркендеген және орнықты әлем құру жолында өзара күш-жігер біріктіріп келе жатқанын, көптеген халықаралық мәселе бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.

    Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі ІІІ Чарльз Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан азаматтарына жылы лебізін жолдады. Король ІІІ Чарльз екі ел арасындағы берік достыққа жоғары баға беріп, екіжақты байланыстардың нығая түскенін және алдағы жылдары өзара тиімді ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге бейіл екенін растады.

    Корея Президенті Ли Чжэ Мёң Қазақстан мемлекеттіліктің бай дәстүріне, қоғамдағы тұрақтылыққа және ұлттық бірлікке арқа сүйей отырып, жасампаздық пен жарқын келешек жолында нық қадам баса беретініне сенім білдірді. «Биыл қыркүйек айында Сеулге жасаған мемлекеттік сапарыңыздың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея Республикалары арасында болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік қарым-қатынас орнағанын айрықша атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.

    Сондай-ақ құттықтау лебіздерін Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Аустрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Швейцария Президенті Ги Пармелан, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрдің орынбасары, Президент Әкімшілігінің жетекшісі шейх Мансұр бен Заид Әл Наһаян, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд, Бельгиялықтар Королі Филипп, Испания Королі VI Фелипе, Швеция Королі XVI Карл Густав, Монако Князі II Альбер, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Жапония Императоры Нарухито, Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорн, Рим Папасы XIV Лео, Сербия Президентінің міндетін атқарушы Ана Брнабич, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Палестина Президенті Махмұд Аббас, Индонезия Президенті Прабово Субианто, Мьянма Президенті Мин Аун Хлайн, Сингапур Президенті Тарман Шанмугаратнам, Вьетнам Президенті То Лам, Лаос Президенті Тхонглун Сисулит, Чехия Президенті Петр Павел, Румыния Президенті Никушор Дан, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар, Литва Президенті Гитанас Науседа, Мальта Президенті Мириам Спитери Дебоно, Болгария Президенті Илияна Йотова, Эфиопия Президенті Тайе Ацке-Селассие, Никарагуа тең президенттері Даниэль Ортега мен Росарио Мурильо, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Еуропалық Кеңес Төрағасы Антониу Кошта, ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Анани, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және басқа да ресми тұлғалар жолдады.

    Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →