Маңғыстауда жүк көлігінің тіркемесі өртенді
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында Батыр ауылы маңында Mercedes-Benz Actros жүк көлігінің тіркемесі өртенді. Өрт 24 минутта сөндірілді, зардап шеккендер жоқ.
Сурет: видеодан скриншот
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында Mercedes-Benz Actros жүк көлігінің тіркемесі өртеніп кетті. Төтенше жағдай Батыр ауылының маңында орын алды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 28 қыркүйек күні сағат 14:24-те түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды 24 минут ішінде толық сөндірді. Өрт сағат 14:48-де ауыздықталған.
Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД-ның жеті қызметкері мен екі техника жұмылдырылды.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
