Нұрлыбек Нәлібаев: 470 млрд теңгелік жол жобалары 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін
Нұрлыбек Нәлібаев 470 млрд теңгеге салынатын жол жобаларын 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырғанын мәлімдеді. Құрылыс 480 шақырым учаскеде жүріп жатыр.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев еліміздегі ірі жол құрылысы жобаларының барысымен танысып, мердігер компанияларға жұмысты жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы ол өзінің мәлімдемесінде айтты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта жалпы ұзындығы шамамен 480 шақырымды құрайтын жол учаскелерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаларға 470 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, ол еліміздің 20 өңірін аралап, жол құрылысының сапасы мен орындалу барысын тексерген. Сонымен қатар, өзге де салалардағы өзекті мәселелерге назар аударылған.
Вице-премьердің мәліметінше, аталған жол жобаларын бастапқыда үш жыл ішінде аяқтау жоспарланған. Алайда қазір мердігер компанияларға құрылысты мерзімінен бұрын бітіру міндеті қойылған.
«Мүмкіндік болса, жұмыстарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Олай болмаған жағдайда, 2028 жылдың басында толық аяқтауға күш саламыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
