Алматыда әйелін балалардың көзінше өлтірген экс-полицей 15 жылға сотталды
Фото: pixabay
Алматыда әйелін балалардың көзінше пышақтап өлтірген экс-полицей Серік Накимов 15 жылға сотталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
КТК мәліметінше, сотталушы марқұмның жақындарына 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 3 миллион теңге заңгерлік қызмет шығынын төлеуге міндеттелді.
Тергеу барысында оның әйелін аса қатыгездікпен өлтіргені дәлелденген. Екі сараптама күдіктінің қылмыс кезінде аффект жағдайында болғанын көрсеткенімен, сот айыптау бабын өзгертпей, 39 жастағы ер адамды орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге үкім етті.
Марқұмның туыстары бұған дейін оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев моральдық өтемақы көлеміне байланысты апелляциялық шағым түсіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Еске салайық, қайғылы оқиға осыдан бір жарым жыл бұрын болған. Ішкі істер органдарында 15 жыл қызмет еткен Серік Накимов әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтіріп, кейін өзіне де қол жұмсамақ болған.
