Тоқаев Qarmet-тің жаңа сортты прокат кешенінің құрылыс алаңын аралады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet-тің жаңа сортты прокат кешенінің құрылыс алаңын аралады. Жоба жылына 540 мың тоннадан астам өнім шығарады, серіктесі — CERI.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet компаниясының жаңа сортты прокат кешенінің құрылыс алаңын аралап көрді. Жылына 540 мың тоннадан астам өнім шығаратын жобаның технологиялық серіктесі — қытайлық CERI инжинирингтік компаниясы.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Мемлекет басшысына жаңа цех А600 және А1000 класты жоғары беріктіктегі құрылыс арматурасын шығаруға, сондай-ақ бұрыштар, швеллерлер және басқа да сұранысқа ие металл өнімдері есебінен сұрыпталымды кеңейтуге мүмкіндік беретіні хабарланды. Кешен құрамына сағатына 100 тоннаға дейін металл өткізетін жоғары өнімді қыздыру пеші кіреді.
Жоба Qarmet-ке сортты прокат шығарылымын айтарлықтай ұлғайтуға, ішкі нарықтағы импорттық өнімге тәуелділікті төмендетуге және кәсіпорынның құрылыс сегментіндегі, соның ішінде АЭС салу кезіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта нысанда негізгі технологиялық жабдықты монтаждау және қамтамасыз етуші инфрақұрылымды салу жұмыстары жүргізілуде. Сортты прокат цехын пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Qarmet-тің жалпы инвестициялық бағдарламасының көлемі 3,5 млрд долларды құрайды. Металлургиялық комбинатта 4 жаңа жоба жүзеге асырылуда: №8 және №9 кокс батареялары, сортты прокат кешені, мырыштау және полимерлік жабындар желісі, құю-прокат кешені.
Компанияның стратегиялық мақсаты — 2028 жылға қарай 5 млн тонна болат өндіруге, 9 млн тонна көмір өндіруге және 5 млн тонна темір кенді концентрат өндіруге қол жеткізу, өзіндік құнын төмендету, отандық металл өнімдерінің экологиялылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
