«Қазақстан жеңіліп жатыр»: «Дала Қырандары» қозғалысы алаңдатарлық статистиканы ашық жаттығу арқылы жария етті

Қазақстан қалаларындағы спорт инфрақұрылымы мен ішімдік саудасы арасындағы теңсіздік қоғамды алаңдататын деңгейге жетті. «Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы жүргізген ауқымды зерттеу нәтижесі елдегі көптеген шаһарда бұқаралық спортқа қарағанда алкоголь өнімдерін сататын орындардың әлдеқайда көп екенін көрсетті. Қозғалыс өкілдері бұл мәселені ресми мәлімдемемен ғана шектемей, жұрт назарын ерекше форматтағы ашық жаттығу арқылы аударды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

16 мамыр күні өткен шара барысында белсенділер журналистерді, қала тұрғындарын және жастарды қарапайым ауладағы спорт алаңына жинады. Дәстүрлі баспасөз жиынының орнына ұйымдастырушылар нақты әрекетке негізделген қоғамдық кездесуді таңдаған. Ашық аспан астында өткен жаттығу барысында қатысушылар спортпен шұғылданып қана қоймай, елдегі әлеуметтік ахуалға қатысты маңызды деректермен танысты.

Алаңда «Қазақстан жеңіліп жатыр» деген жазуы бар арнайы баннер орнатылды. Онда әр қаладағы екі түрлі көрсеткіш қатар берілген: ірі цифрлар алкоголь өнімдерін сататын дүкендердің санын көрсетсе, кіші көрсеткіштер спорт алаңдарының санын бейнелеген. Бұл көрініс көпшілікке үнсіз-ақ ой салды.

«Дала Қырандары» қозғалысының мәліметінше, зерттеу жұмыстары бірнеше ай бойы жүргізілген. Белсенділер елдің 29 қаласын аралап, бұқаралық спортқа арналған орындар мен алкомаркеттердің нақты санын есептеген. Бұл деректер #суррогат және #жаттығу бастамалары аясында жиналған. Қозғалыс мүшелері әр нысанды көзбен көріп, жергілікті жерлерде мониторинг жасаған.

Жарияланған статистика көптеген өңірдегі жағдайдың күрделі екенін аңғартты. Мәселен, Атырау қаласында 118 спорт алаңына қарсы 2985 алкомаркет жұмыс істейді. Яғни бір спорт алаңына ондаған ішімдік дүкенінен келеді. Ақтөбеде 200 спорт алаңына 960 алкоголь сауда орны тіркелген. Қарағандыда 94 спорт аймағына 271 алкомаркеттен келеді. Бұл айырмашылықтар жай ғана сан емес, қоғамдық ортаның нақты көрінісі екенін белсенділер ерекше атап өтті.

Қозғалыс өкілдері бүгінде бұл мәліметтердің барлығы интерактивті картаға енгізілгенін хабарлады. Арнайы сайт арқылы әрбір тұрғын өз қаласындағы ахуалды көріп, спорт инфрақұрылымы мен ішімдік саудасының арақатынасын салыстыра алады. Белсенділер мұндай ашықтық қоғамда талқылау тудырып, жергілікті деңгейде өзгеріс жасауға түрткі болады деп есептейді.

«Дала Қырандары» қозғалысының үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев қазіргі орта жастардың болашағына тікелей ықпал ететінін айтты.

«Біз ортаның адамды қалыптастыратынына сенеміз. Егер әр аулада сапалы спорт алаңы, турник пен балалар еркін жаттығатын орын болса, қоғам да өзгереді. Бірақ бүгінгі статистика мүлде басқа жағдайды көрсетіп отыр. Көптеген қалада спортпен айналысатын орын тапқаннан гөрі, алкомаркет табу әлдеқайда оңай. Бұл — жай ғана әлеуметтік мәселе емес, ұлттың болашағына әсер ететін қауіп», — деді ол.

Белсенділердің айтуынша, мәселенің өзегі тек инфрақұрылымда емес. Әңгіме жастардың күнделікті көретін ортасында жатыр. Егер жасөспірімдердің көз алдында спорт емес, ішімдік саудасы басым болса, уақыт өте келе бұл қоғамның құндылықтарына әсер етпей қоймайды.

Шараның дәл осы аулада өткізілуі де кездейсоқ таңдалмаған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл аумақ кезінде қараусыз жатқан. Кейін жергілікті тұрғындар мен қозғалыс мүшелері бірігіп, алаңды қалпына келтірген. Қазір мұнда балалар тұрақты түрде жаттығып, ересектер де спортпен айналысады.

«Дала Қырандары» қозғалысының Астана қаласы бойынша жүздік басшысы Арыстанбап Мұратұлы қоғамдағы өзгеріс ең алдымен тұрғындардың өзінен басталуы керек екенін айтты.

«Біз көп жағдайда жауапкершілікті өзгелерге артып қоямыз. Бірақ кез келген өзгеріс ауладан басталады. Мына алаң — соның дәлелі. Тұрғындар бірігіп, өз ортасын өзгертуге шешім қабылдағанда, олар тек спорт нысанын жөндеп қоймайды. Олар балаларға басқа өмір салтын көрсетеді. Біз жариялаған статистика адамдарды қорқыту үшін емес, әрекетке шақыру үшін қажет», — деді ол.

Ашық жаттығуға қазақстандық спорт жұлдыздары да қолдау білдірді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика