Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 21 қараша 2026 $ 453,0↑€ 497,7↑₽ 5,54↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Қазақстан Орталық Азияда жоғары білімнің өңірлік орталығына қалай айналмақ?  • «Ақтөбе» нигериялық жартылай қорғаушы Марио Рабиумен қоштасты • Эффионг: Бонифейс «Ордабасыға» ауысуға келісе қоймас • Филипович: «Жеңіс» үшін маусым онша жақсы болмады, бірақ мен қалғым келді • Артета Хаверцтің «Арсеналдағы» болашағы туралы пікір білдірді • Маколей Калкин «Үйде жалғыз» фильмінің жаңа бөлімін түсіреді • Қазақстан Орталық Азияда жоғары білімнің өңірлік орталығына қалай айналмақ?  • «Ақтөбе» нигериялық жартылай қорғаушы Марио Рабиумен қоштасты • Эффионг: Бонифейс «Ордабасыға» ауысуға келісе қоймас • Филипович: «Жеңіс» үшін маусым онша жақсы болмады, бірақ мен қалғым келді • Артета Хаверцтің «Арсеналдағы» болашағы туралы пікір білдірді • Маколей Калкин «Үйде жалғыз» фильмінің жаңа бөлімін түсіреді •

    Қазақстан Орталық Азияда жоғары білімнің өңірлік орталығына қалай айналмақ? 

    Қазақстан Орталық Азияда жоғары білімнің өңірлік орталығына қалай айналмақ? 

    Халықаралық академиялық ықпалдастық, ғылымды қаржыландыру, шетелдік университеттермен әріптестік және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу – еліміздің жоғары білім саласындағы жаңа даму кезеңінің негізгі бағыттарына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру стратегиялық мақсатын жариялап, университеттер алдына нақты міндеттер қойды. Qazaqtoday.info ақпараттық порталы осы форумды негізге ала отырып, еліміздің Орталық Азиядағы орынын анықтап көруге тырысты.

    Қазіргі әлемде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тек экономикалық көрсеткіштермен немесе табиғи ресурстарымен өлшенбейді. Елдің зияткерлік әлеуеті, ғылыми жаңалықтары, технологиялық мүмкіндіктері мен білікті мамандар даярлау қабілеті де оның халықаралық аренадағы орнын айқындайды. Сондықтан жоғары білім жүйесін жаңғырту Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі саналады.

    2026 жылғы 19 қарашада өткен III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы осы мәселеге арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 132 жоғары оқу орны жұмыс істеп, 800 мыңнан астам студент білім алуда. Соңғы жеті жылда білім беру гранттарына бөлінетін қаржы екі есеге өсіп, 3,4 миллиард долларға жеткен. Сонымен қатар елде 281 студенттік жатақхана салынған.

    Бұл көрсеткіштер жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың ауқымын аңғартады. Ал алдағы кезеңдегі басты міндет – сандық өсімді сапалық нәтижеге айналдыру.

    Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025–2026 оқу жылының басында республикада 116 жоғары оқу орны тіркеліп, оларда 678,1 мың студент білім алған. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда студенттер саны айтарлықтай өскен. Осы оқу жылында университеттерге қабылданғандар саны 208,9 мың адамды құрады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында 38 мыңнан астам профессор-оқытушы еңбек етеді.

    Жоғары білімнің халықаралық кеңістікке шығуы да қарқын алып келеді. Президенттің мәліметінше, Қазақстанда шетелдік студенттер саны 41 мыңға жеткен. Оның ішінде 8 мыңнан астамы мемлекеттік қаржылай қолдаумен білім алып жүр. Мемлекет 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздейді. Бұл мақсат «Қазақстанда білім ал!» ұлттық бастамасы арқылы жүзеге асырылмақ.

    Тоқаев осы форумда ҚазҰУ -нің дипломдары халықаралық деңгейде танылуын да атап өтті. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы ЖОО-нымен алпауыт елдердің санаса бастауын білдіреді.

    Мұндай саясаттың экономикалық және стратегиялық мәні зор. Шетелдік студенттерді тарту университеттердің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, білім беру экспортының дамуына, академиялық ортаның нығаюына және елдің халықаралық байланыстарының кеңеюіне ықпал етеді.

    Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстанның Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылуы. Президент бұл жетістікке бұрынғы Білім және ғылым министрі, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың елеулі үлес қосқанын атап өтті.

    Аталған халықаралық құжаттар жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану рәсімдерін жеңілдетуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға және мемлекеттер арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Демек, қазақстандық дипломдардың халықаралық кеңістікте танылу мүмкіндігінің кеңеюі отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігі үшін маңызды алғышарт қалыптастырады.

    Бұл ретте ҚазҰУ тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Университетте 30 мыңнан астам студент білім алады. Оқу орны әлемнің 500-ден астам университеті мен ғылыми орталығымен ынтымақтастық орнатқан. 60-тан астам қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылып, 2025 жылы 965 студент шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық тәжірибеден өткен. Ал Scopus және Web of Science базаларындағы шетелдік ғалымдармен бірлескен ғылыми жарияланымдар саны 931-ге жеткен.

    Университеттің QS World University Rankings рейтингінде үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына енуі де оның халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын нығайта түсті.

    Алайда жоғары білімді дамытудың негізгі өлшемі халықаралық рейтингтермен ғана шектелмеуі тиіс. Мемлекет басшысы білім мен ғылымда формализмге, жаттанды көрсеткіштерге жол беруге болмайтынын ерекше ескертті. Оның пайымынша, университеттер экономиканың нақты сұранысына жауап беретін мамандар даярлап, ғылыми идеяларды өндірістік және технологиялық нәтижеге айналдыруы қажет.

    Бұл міндет әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында өзекті. Президент 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, ғылым мен білім саласына жаңа технологияларды енгізуге басымдық берді. Жоғары оқу орындары заманауи оқу бағдарламаларын әзірлеп, оқытушылардың цифрлық құзыретін арттырып, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастыруы керек.

    Жоғары білімді дамыту мәселелеріне тоқталған Тоқаев Қазақстанның білім беру біліктіліктерін тану жөніндегі екі халықаралық келісімге — Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылғанын айтты. Қазақстан өңірде осы екі конвенцияға да қосылған алғашқы ел болды.

    «Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», — деді Тоқаев

    11 елдің шетелдік университеттері Қазақстанда филиалдарын ашқан. Онда 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың ішінде 600-ден астамы шетелдік профессор.

    Президенттің айтуынша, Қазақстан шетелдік студенттер үшін барған сайын тартымды бола түсуде. Былтыр отандық университеттерде 31 мың шетелдік студент оқыса, қазір олардың саны 41 мыңға жеткен. Оның 8 мыңнан астамы Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алып жүр. 2029 жылға қарай Қазақстан шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатқа жету үшін Study in Kazakhstan ұлттық бастамасын дамыту жоспарланған.

    Сонымен бірге ғылымды қаржыландыру көлемінің 590 миллион долларға жетуі зерттеу әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл отандық академиялық ортаны халықаралық тәжірибемен ұштастыруға жол ашады.

    Түйіндей айтқанда, Қазақстан жоғары білім жүйесін жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті институционалдық, қаржылық және халықаралық негіз қалыптастырып келеді. Ендігі мәселе – осы мүмкіндіктерді нақты нәтижеге айналдыру. Сапалы білім, сұранысқа ие маман, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеу және технологиялық жаңалық университет жұмысының басты көрсеткішіне айналуы қажет. Сонда ғана Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық хаб болу мақсаты стратегиялық мәлімдемеден нақты жетістікке ұласады.

    Фото: ашық дереккөз

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →