Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 18 қараша 2026 $ 444,1↓€ 488,9↓₽ 5,38↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Алматы жастарына өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырып жатырмыз — Азамат Асқар • Тоқаев АҚШ бойынша арнайы өкіл Ержан Қазыханды қабылдады • Бердах Бекетовтің әпкесі Перизат Бекетова отбасындағы қайғылы жағдайды хабарлады • Ақтөбеде кәсіпкердің өліміне қатысы бар күдікті ұсталды • «Көрген-көрмегенімді ұмытып қаламын»: Мақпал Жүнісованың қарт анасы туған күнінде сөз сөйледі • Тоқаев Ресей Жоғарғы соты төрағасын қабылдады: сот саласындағы ынтымақтастық кеңейеді • Алматы жастарына өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырып жатырмыз — Азамат Асқар • Тоқаев АҚШ бойынша арнайы өкіл Ержан Қазыханды қабылдады • Бердах Бекетовтің әпкесі Перизат Бекетова отбасындағы қайғылы жағдайды хабарлады • Ақтөбеде кәсіпкердің өліміне қатысы бар күдікті ұсталды • «Көрген-көрмегенімді ұмытып қаламын»: Мақпал Жүнісованың қарт анасы туған күнінде сөз сөйледі • Тоқаев Ресей Жоғарғы соты төрағасын қабылдады: сот саласындағы ынтымақтастық кеңейеді •

    Алматы жастарына өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырып жатырмыз — Азамат Асқар

    Алматы жастарына өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырып жатырмыз — Азамат Асқар

    Алматы – еліміздегі жастар шоғырланған ең ірі мегаполис. Қалада 14 пен 35 жас аралығындағы 770 мыңнан астам жас өмір сүреді. Олардың 322 мыңнан астамы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері. Осындай үлкен аудиторияның сұранысын қанағаттандыру, жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – қалалық жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Азамат Асқар Азаматұлымен сұхбаттасып, мегаполисте жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы әңгімелестік.

    – Азамат Асқарұлы, Алматыны жастар қаласы деп жиі айтамыз. Алайда жастардың саны көп болуы бір бөлек те, олардың қажеттілігіне сай жағдай жасау бір бөлек. Қазір қалада жастар саясаты қандай бағытта жүргізіліп жатыр?

    – Алматы – жастардың білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасуына, шығармашылық қабілетін дамытуына және өз жобаларын жүзеге асыруына мол мүмкіндік беретін қала. Бүгінде мегаполисте 14–35 жас аралығындағы 770 мыңнан астам жас тұрады. Оның ішінде 322 мыңнан астамы – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері.

    Біздің басты міндетіміз – жастарға арналған іс-шаралар өткізумен ғана шектелмей, олардың өмірлік мақсаттарына жетуіне көмектесетін тұрақты қолдау жүйесін қалыптастыру. Осыған байланысты қосымша білім беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік бағдарлау, жастар кәсіпкерлігін қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жастардың қаланың қоғамдық өміріне араласуына жағдай жасау бағыттарына басымдық беріп отырмыз.

    Ең маңыздысы – жастарға не қажет екенін өзіміз болжап қана қоймай, олардың нақты сұраныстары мен ұсыныстарын ескеруге тырысамыз.

    – Соңғы жылдары Алматыда комьюнити орталықтарының жұмысы жанданып келеді. Бұл орталықтардың негізгі міндеті қандай?

    – Комьюнити орталықтары – жастар саясатының маңызды инфрақұрылымдық бөлігі. Бүгінде Алматыда осындай 13 орталық жұмыс істейді. Олар қаланың сегіз ауданында орналасқан, әр ауданда кемінде бір орталық бар.

    Соңғы үш жылда бұл орындар түрлі санаттағы жастардың бас қосатын, тәжірибе алмасатын, жаңа идеяларын жүзеге асыратын ортасына айналды. Сонымен қатар мұнда әртүрлі қалалық қауымдастықтар мен бастамашыл топтар да өздеріне қажетті кеңістік тапты. Кейбір жастар үшін бұл орталықтар тіпті сүйікті мекеніне, өз ортасын қалыптастыратын «күш-қуат алаңына» айналған.

    Орталықтарда жұмысқа орналасу, мамандық таңдау мәселелері бойынша кеңестер беріледі. Психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, коворкинг аймақтары жұмыс істейді, шеберлік сабақтары, тренингтер, сарапшылармен кездесулер, мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ең бастысы, бұл қызметтердің барлығы жастарға тегін ұсынылады.

    Әр орталықтың өзіндік ерекшелігі де бар. Мәселен, Әуезов ауданында ашылған жаңа комьюнити орталығында робототехника, 3D-модельдеу, жасанды интеллект бағыттары қарастырылған. Сондай-ақ дыбыс жазу студиясы, би алаңы мен цифрлық контент әзірлеуге арналған арнайы кеңістіктер бар.

    Ал Республика күні қарсаңында ашылған Бостандық ауданындағы комьюнити орталығы тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде жұмыс істейді. Бұл жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, өз бастамаларын жүзеге асыруына қосымша мүмкіндік береді.

    – Жастар арасында цифрлық мамандықтарға қызығушылық жоғары. Осы сұранысты ескере отырып, қандай білім беру жобалары қолға алынған?

    – Бұл бағытта жүзеге асырып жатқан негізгі жобаларымыздың бірі – Skill All. Оның мақсаты – жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи мамандықтарды қысқа мерзімде меңгеруге мүмкіндік беру.

    Жоба аясында бағдарламалау, графикалық дизайн, SMM, цифрлық маркетинг, жобаларды басқару, жасанды интеллект құралдарын пайдалану және басқа да перспективалы бағыттар бойынша тегін курстар ұйымдастырылады.

    Қазіргі заманда жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алу жеткіліксіз. Жұмыс берушілер нақты дағдысы бар, алған білімін тәжірибеде қолдана алатын мамандарға басымдық береді. Сондықтан Skill All жобасы теориялық біліммен шектелмей, жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

    Биыл жоба бойынша 9,6 мыңнан астам жас білім алды. Оның 2058-і офлайн курстарға қатысса, 7,6 мыңнан астамы jasalmaty.kz порталы арқылы онлайн оқудан өтті.

    Біз үшін курсты аяқтағандар саны ғана емес, жастардың одан кейін қандай нәтижеге қол жеткізгені де маңызды. Мәселен, түлектердің бірқатары іс-шара ұйымдастыру, маркетинг және брендті ілгерілету салаларындағы компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.

    Кейбір қатысушылар City Makers қалалық фестивалі аясында ақылы тағылымдамадан өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Ал өзгелері алған білімін жеке жобаларын дамытуға пайдаланды. Олардың қатарында Nauryz Fest фестивалін ұйымдастыруға атсалысқан және өз кәсібін дамыта бастаған жастар да бар.

    – Жастардың өз идеяларын ұсынуына және оны қаржыландыруға мүмкіндік беретін «Жастар қатысатын бюджет» жобасы да іске қосылды. Бұл бастаманың ерекшелігі неде?

    – Бұл – жастардың қала өміріне тікелей араласуына мүмкіндік беретін жаңа тетік. Жоба Алматыда алғаш рет 2026 жылы іске қосылды.

    Бұған дейін жастар түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың қатысушысы болса, енді олар қаланың дамуына қатысты нақты ұсыныстарын өздері әзірлеп, сол идеяларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау ала алады.

    Жобаның тәртібі қарапайым: жас азамат немесе бастамашыл топ белгілі бір әлеуметтік не қалалық мәселені шешуге бағытталған ұсынысын береді. Сарапшылардың бағалауынан өткен жобалар ашық онлайн дауыс беруге шығарылады. Тұрғындар арасында қолдау тапқан бастамаларға арнайы бөлінген қаражат есебінен қаржылай көмек көрсетіледі.

    Бір жобаға берілетін қолдау көлемі 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал 2026 жылға арналған жалпы бюджет – 90 миллион теңге.

    Жобаға жастардың қызығушылығы жоғары екенін алғашқы нәтижелерден-ақ байқауға болады. Байқауға барлығы 203 өтінім келіп түсті. Оның 122-сі сараптамалық іріктеуден өтіп, онлайн дауыс беруге жіберілді.

    Ұсынылған жобалардың қатарында білім беру, экология, инклюзия, цифрлық технологиялар, кәсіпкерлік және қалалық ортаны дамыту бағытындағы бастамалар бар.

    Біздің ойымызша, бұл жобаның басты құндылығы – жастардың тек ұсыныс айтушы емес, нақты өзгерістердің авторы болуына жол ашуында.

    – Қазір жастарға арналған жобалар мен бағдарламалар аз емес. Алайда олардың барлығы бірдей жастарға қолжетімді ме? Қандай да бір қолдау іздеген жас неден бастауы керек?

    – Қазір Алматы жастарының алдында бірнеше мүмкіндік бар. Егер жаңа мамандық меңгеріп, кәсіби дағдыларын дамытқысы келсе, Skill All курстарына қатыса алады. Жұмысқа орналасу, кәсіптік бағдар алу немесе психологиялық және заңгерлік көмек қажет болса, комьюнити орталықтарына жүгіне алады.

    Ал егер белгілі бір әлеуметтік мәселенің шешімін ұсынып, өз идеясын жүзеге асырғысы келсе, «Жастар қатысатын бюджет» жобасына қатысуына болады.

    Бұл ретте жастар саясатын тек грант бөлумен немесе жекелеген жобаларды қаржыландырумен шектеуге болмайды. Мемлекет жастарға қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып, тегін қызмет көрсететін орталықтардың жұмысын қамтамасыз етіп, бастамашыл топтар мен жастар бірлестіктерінің қызметіне жағдай жасауы керек.

    Біздің түпкі мақсатымыз – әр жас өзіне қажетті мүмкіндікті таба алатын, білімін жетілдіріп, қабілетін дамытып, кәсіби және қоғамдық өмірде өз орнын қалыптастыра алатын тұрақты экожүйе құру.

    Жастар саясатының нәтижесі өткізілген іс-шаралар санымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы көрсеткіші – қолдау алған жастың өмірінде болған оң өзгеріс, жүзеге асқан идея, табылған жұмыс және құрылған жаңа мүмкіндік.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →