Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 22 қазан 2026 $ 450,3↑€ 505,6↓₽ 5,46↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Тоқаев әскери реформаны мақұлдады: мерзімді қызмет екі кезеңге бөлінеді • Зейнет жасына жетпей-ақ зейнетақы алу мүмкіндігі түсіндірілді • Қазақстанда электромобиль міну тиімді ме: шығыны, қысқы жүріс қоры және кімге қолайлы • Жетісу облысында 15 гектар жерді шарпыған дала өрті сөндірілуде • Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінде әскери реформа жоспарын талқылады • ҚазҰУ оқытушысына сабақ үстінде жұмыстан босату туралы бұйрық тапсырылды • Тоқаев әскери реформаны мақұлдады: мерзімді қызмет екі кезеңге бөлінеді • Зейнет жасына жетпей-ақ зейнетақы алу мүмкіндігі түсіндірілді • Қазақстанда электромобиль міну тиімді ме: шығыны, қысқы жүріс қоры және кімге қолайлы • Жетісу облысында 15 гектар жерді шарпыған дала өрті сөндірілуде • Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінде әскери реформа жоспарын талқылады • ҚазҰУ оқытушысына сабақ үстінде жұмыстан босату туралы бұйрық тапсырылды •

    Тоқаев әскери реформаны мақұлдады: мерзімді қызмет екі кезеңге бөлінеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында әскери реформа жоспарын мақұлдады. Мерзімді қызмет екі кезеңге бөлініп, армия құрылымы қайта қаралады.

    Тоқаев әскери реформаны мақұлдады: мерзімді қызмет екі кезеңге бөлінеді

    Фото: Ақорда

    Қазақстанда әскери реформа жоспары бекітілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қазанда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, онда армияны жаңғырту бағдарламасы қолдау тапты.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Реформа бойынша мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлықпен шұғылданады.

    Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы қайта қаралады. Әскерді басқару және қорғанысты жоспарлау жүйесі жетілдіріледі. Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелер күштерін құру жоспарланып отыр.

    Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне, оларды даярлауға және әскердегі тәртіпке ерекше назар аударуды тапсырды.

    «Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес», – деді президент.

    Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева реформа жоспарын таныстырды. Құжат халықаралық тәжірибе мен отандық мамандардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

    Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау үшін арнайы уәкілдер мен әскери консультанттар институттарын құру көзделген. Әскердегі жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу шаралары да күшейтіледі.

    «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» әскери патриоттық даярлық жүйесі дамытылады. Әскери мектептер желісі кеңейтіліп, бастапқы әскери даярлық жетілдіріледі.

    Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов армияны жаңғырту жоспары туралы баяндады. Әскердің жаңа ақпараттық стратегиясы қабылданып, «Заң мен тәртіп» қағидатына сай тәрбие жұмысы күшейтілмек.

    Жоспардағы ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, негізгі өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылады.

    Президент Қорғаныс министрлігін кешенді тексеруді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Әскери реформаның орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.

    Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери теңіз жаттығулары кезінде 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне ағыс алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

    25 қыркүйекте ІІМ осы оқиғаға байланысты бірнеше әскери басшы ұсталғанын хабарлады. Олардың арасында Әскери теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және катердің командирлері бар.

    26 қыркүйекте Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөнінде комиссия құру туралы өкімге қол қойды.

    5 қазанда комиссия отырысында Маңғыстаудағы қайғылы оқиға әскердегі жүйелі мәселелерді анықтағаны айтылды. Алдын ала тергеу әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде елеулі қателіктер жіберілгенін және тиісті бақылау болмағанын көрсетті.

    Тексерудің алғашқы кезеңінде мемлекеттік мүлікті жымқыру, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →