Астанада балабақшаға орын уәде етіп, 9 адамды алдаған тұрғын сотталды
Астанада балабақшадан орын алып беремін деп 9 адамды алдаған тұрғын 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырды.
Сурет: ernur.kz
Астана тұрғыны балабақшадан орын алып беремін деп 9 адамды алдап, сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қала тұрғыны 8 ай бойы 2ГИС қосымшасы арқылы балаларын балабақшаға орналастырғысы келген ата-аналарды іздеп тапқан. Олармен байланысқа шығып, өз қызметтерін ұсынған және таныстары арқылы мектепке дейінгі мекемеде орын алуға көмектесетініне сендірген.
Оның уәделеріне сенген 9 тұрғын оған жалпы сомасы 590 мың теңге ақша аударған. Сот үкімімен оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Қала прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және мектепке дейінгі ұйымдарға орындарды бөлу мәселелері бойынша тек ресми порталдар мен уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүгінуге шақырады.
