Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 22 қазан 2026 $ 450,2↓€ 505,8↓₽ 5,44↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Бала мен мұғалім арасындағы кикілжіңді қалай шешуге болады: ата-аналарға кеңес • Астанада балабақшаға орын уәде етіп, 9 адамды алдаған тұрғын сотталды • Мұстафа Есентайұлы Армениядағы халықаралық теннис турнирінің жеңімпазы атанды • Қазақстанның 13 компаниясы Орталық Азияның ең ірі 20 компаниясы қатарында • Өндірістік тәуекелдің алдын алу: «Қазақмыс» Сәтбаевта жаңа оқу базасын ашты • Атырауда ұлынан қорлық көрген қария сот алдында оқиғаны ұмытып қалды • Бала мен мұғалім арасындағы кикілжіңді қалай шешуге болады: ата-аналарға кеңес • Астанада балабақшаға орын уәде етіп, 9 адамды алдаған тұрғын сотталды • Мұстафа Есентайұлы Армениядағы халықаралық теннис турнирінің жеңімпазы атанды • Қазақстанның 13 компаниясы Орталық Азияның ең ірі 20 компаниясы қатарында • Өндірістік тәуекелдің алдын алу: «Қазақмыс» Сәтбаевта жаңа оқу базасын ашты • Атырауда ұлынан қорлық көрген қария сот алдында оқиғаны ұмытып қалды •

    Бала мен мұғалім арасындағы кикілжіңді қалай шешуге болады: ата-аналарға кеңес

    Бала мен мұғалім арасындағы кикілжіңді тану, ата-ананың дұрыс әрекеті, мектеп әкімшілігімен сөйлесу және қақтығысты шешу жолдары туралы толық нұсқаулық.

    Бала мен мұғалім арасындағы кикілжіңді қалай шешуге болады: ата-аналарға кеңес

    Сурет: ЖИ

    Баланың мұғаліммен конфликтке келуі – ата-аналар жиі ұшырасатын жағдайлардың бірі. Ұстазымен тіл табыса алмаған оқушының сабақ үлгерімі төмендейді. Мектепке барғысы келмей, екі күннің бірінде сабақтан қалуды сұрайды. Сыныпта да, үйде де көңіл-күйі болмайды, пессимистік ойлардың жетегінде кетеді. Сондықтан мектеп жасындағы ұл-қызыңыздың мұғалімімен арасында қандай да бір ұнатпаушылық болса, мұның шешімін іздеп, мәселені біржақты қылған жөн.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Мұғаліммен келіспеушілікті қалай тануға болады? Ата-анасына келіп «Мұғаліммен керісіп қалдым» деп ашық айтатын бала аз. Көбіне олар ұрсуы мүмкін деп жасырады. Дегенмен, кейбір белгілері болады.

    • Бала белгілі бір пән бойынша үй тапсырмасын соңғы сәтке дейін шегеріп, ал басқа сабақтарды ескертусіз-ақ орындайды.
    • Мектеп туралы әңгімелерде мұғалім тарапына дөрекі, менсінбейтін сөздер айтады.
    • Мінез-құлқы өзгереді. Ашық-жарқын жасөспірім тұйықталады, ал сабырлы бала дөрекілік көрсете бастайды.
    • Психосоматикалық реакциялар пайда болады: белгілі бір сабақтың алдында басы немесе іші ауырып, жүрек соғысы жиілейді.
    • Үйде тақырыпты біліп, түсініп отырса да, сыныпта тақтаға шығып жауап беруден қашады.
    • Тәртіп бұзушылық туралы ескертулер жиілейді.

    Егер осы белгілердің бірнешеуін байқасаңыз, жағдайдың өзінен-өзі шешілуін күтіп отырмаңыз. Қаншалықты созсаңыз, бұл «түйінді» тарқату соғұрлым қиындай түседі.

    Балаңызбен сөйлесіңіз. Тыныш жерде, жайлы жағдайда, ешкім ешқайда асықпайтын уақытта ашық әрі сенімді әңгімеден бастаңыз. Баладан мыналарды сұраңыз: «Мектебіңде не болып жатыр? Сыныппен қандай іс-шаралар өткіздіңдер (ұйымдастырып жатырсыңдар)?» Бала мектептегі қандай да бір жағдайлар туралы айта бастағанда «Мұны сынып жетекшілерің біле ме? Өзі ұйымдастырып жатыр ма?» деген сияқты сұрақтар қойыңыз. Егер келіспеушілік сынып жетекшісімен болса, сөз арасында айтылары анық.

    Бұл жерде бәрі жақсы болса, жекелеген пәндерге өтіңіз. Бірақ «Мына пәннің мұғалімі қандай?» деп тікелей сұрамаңыз. «… пәннен қандай баға алдың? Соңғы өткен тақырыптарың қандай? Сабақ қызық өте ме? Бұл пән саған ұнай ма?» деген сынды жанама сауалдар қойыңыз. Баланың мұғалім туралы елеусіз айтылған сөздеріне, мимикасы, эмоциясына назар аударыңыз. Сол арқылы қай мұғаліммен жақсы тіл табысатыны, кіммен жиі келіспей қалатыны байқалады.

    Бала мен мұғалім арасындағы алауыздық белгілі болған соң, болған жайтты қаз-қалпында баяндауын сұраңыз. Бұл үшін ұрыспайтыныңызды, жазаламайтыныңызды, оны қолдайтыныңызды, оңынан шешуге көмектесетініңізді айтыңыз.

    Баланың көзінше мұғалімді сынға алмаңыз. Бұл жағымсыз эмоцияны күшейтіп, педагог мәртебесін одан ары түсіреді. Ал сіздің міндетіңіз – оны қалпына келтіру. Сонымен қатар, мән-жайды ұқпай тұрып, оқушының өзін де айыптамаңыз. Әйтпесе оның сізге деген сенімін, үмітін бірден жоясыз.

    Егер бала ашып айтқысы келмесе, қыспаққа алмаңыз. Жазбаша жазып беруді немесе өзі көбірек сенетін отбасы мүшесіне айтуды ұсыныңыз. Ең бастысы, баланы өзіңіздің оның жағында екеніңізге сендіру.

    Бұл жағдайда мектеп психологына да жүгіне аласыз. Психолог баланы арнайы тестілеуден өткізіп, оның стресс, үрей, агрессия деңгейін анықтайды. Мұғаліммен оқушы арасында медиация (бітімгершілік) сессиясын ұйымдастыра алады. Психологтың берген қорытындысы кейін мектеп әкімшілігіне немесе директорға жолығу кезінде ресми дәлелдің бірі болады.

    Басқа адамдардан ақпарат жинаңыз. Тек баланың айтқанына сүйенбеңіз. Өйткені балалар жағдайды бұрмалап немесе сәл асыра сілтеп айтуы мүмкін. Басқа ата-аналармен сөйлесіп көріңіз, оларда осындай оқиғалар болды ма? Мүмкін бұл мұғаліммен қарым-қатынас жасау тәжірибесі бар шығар. Конфликт басқа да оқушылармен болса, мұндайда ұжымдық өтініш тиімдірек әсер етеді.

    Жағдайды сынып жетекшісіне хабарлап, оның да ойын сұраңыз. Ол байқаған, білген басқа да жайттар болуы мүмкін. Тіпті ештеңеден хабары болмағанның өзінде, алдағы уақытта ақ-қарасын анықтауға, мұғаліммен қарым-қатынасты дұрыстауға қолдау сұраңыз.

    Сынып жетекшісі немесе мектеп психологы арқылы балаңыздың сыныптастарынан да ақпарат алуға тырысыңыз. Олардың көрген-білгендерін тыңдап, соңыра қай сөз шындыққа жанасады, қайсысы жалған болуы мүмкін, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін саралайсыз.

    Шын дерек пен эмоцияның аражігін ажыратыңыз. Мән-жайды білген соң, мектепке бармас бұрын қағаз алып, оны үш бағанға бөліңіз: факт, бала үшін салдары, қалаған нәтиже. Мысалы, «Факт: мұғалім сабаққа кешіккені үшін көпшіліктің көзінше ескерту жасады. Салдары: бала өзін қорланғандай сезініп, сабаққа барудан қорқады. Мақсаты: мұғаліммен ең алдымен кешігу себебін оңашада анықтап алуын келісу».

    Мұны ойша ойлап қоймай, қағазға жазып алу маңызды. Сол арқылы келіспеушілікті эмоционалды деңгейден конструктивті деңгейге ауыстырасыз. Бұл әңгіме кезінде сабыр сақтауға, айыптауға көшіп кетпеуге көмектеседі. Мұғаліммен, мектеп әкімшілігімен, мектеп психологымен, т.б. сөйлескенде осы қағаз қолыңызда болсын. Оған көз жүгіртіп тұру бастапқы мақсатыңыздан тайқытпайды.

    Мұғалімге оңаша жолығыңыз. Жалпы чатқа эмоционалды хабарламалар жазбаңыз және сабақтан кейін шаршап, ашуланып тұрған мұғалімге бірден тап бермеңіз. Оған өзіне ыңғайлы уақытта кездесуді өтініп, қысқа әрі сыпайы хабарлама жазыңыз. Айыптаусыз, негізгі мәселені атап өтіңіз. Оқушы екі оттың ортасында қалмауы үшін кездесуге баланы апармаңыз. Сырт келбетіңіз бен сөйлеу тоныңыз іскерлік, сабырлы, айқай-шусыз және ультиматумсыз болуы тиіс.

    Бірінші жақтан сөйлеңіз және фактілерді сұраңыз. Мұғаліммен диалог барысында эмоционалды қысым көрсетуден, оның кәсіби біліктілігіне шек келтіруден аулақ болыңыз. ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, мұғалімнің де өз абыройы мен ар-намысын қорғауға құқығы бар. Сіздің басты мақсатыңыз мұғалімді жеңу немесе кінәліні табу емес, баланың мектептегі жайлылығын қалпына келтіру. Сондықтан әңгімені тек баланың оқу процесі мен эмоционалды жағдайы аясында жүргізіңіз. «Сіз менің балама осылай етіпсіз» дегеннен емес, «Біз [баланың аты]-ның сіздің сабағыңызда қиындықтарға тап болғанын байқадық. Толық жағдайды білгіміз және оған қалай көмектесе алатынымызды түсінгіміз келеді» дегеннен бастаңыз.

    «Мен-хабарлама» әдісін қолданыңыз: «Біз алаңдап отырмыз», «Бұл жағдайды түсіну біз үшін маңызды». Бұл қарсы тараптың қорғаныс реакциясын төмендетеді.

    Егер мұғалім баланың тәртібі жаман десе, нақтылаңыз: ол нақты не істейді, қандай жағдайларда, қаншалықты жиі? Егер сабақ үлгерімі төмен десе, нақты жұмыстарды көрсетуді және олардың қандай критерийлер бойынша қойылғанын түсіндіруді өтініңіз. Сабырлы қалып, дұрыс сұрақтар мен фактілерге сүйену әңгімені оң арнаға бұрады.

    Талап қоймай, шешу жолдарын ұсыныңыз. Мұғалімнен бұл жағдайда не көмектесе алатынын сұраңыз. Кейде педагогтың өзі сізге қолайлы шешімді ұсынады. Немесе оған өз ұсыныстарыңызды айтыңыз. Сіздің мақсатыңыз – баланың мұғалімге, пәнге деген көзқарасын позитивті ететін, мұғалімнің беделін сақтап қалатын қадамдарды табу.

    Егер мұғалім диалогқа келмесе… Мұндай жағдайлар да орын алуы әбден мүмкін. Егер мұғалім мәселенің оң шешімін мүлде көрмей тұрғанын, балаңыздың тілін табуға тырыспайтынын аңғартса, араға сынып жетекшісін немесе мектеп әкімшілігін тартыңыз.

    Егер педагог сөзіңізді елеусіз қалдырса, кері байланыс бермесе, көпшілік алдында қорлауды немесе объективті емес бағалауды жалғастырса, жоғары тұрған инстанциялар көмекке келуге тиіс. Сынып жетекшісі не мектеп психологынан бастаңыз, олар көбіне медиатор бола алады. Бұл да нәтиже бермесе, директордың атына арыз жаза аласыз. Арызда тек фактілер мен даталарды көрсетіп, дәлелдемелерді (скриншоттар, жұмыстардың көшірмелері, хаттар) қоса тіркеңіз. Қызметтік тексеріс жүргізуді, психологтың қатысуымен кездесу ұйымдастыруды, жағдайды педагогикалық кеңесте қарауды өтініңіз. Директор заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруге міндетті.

    Ешнәрсе көмектеспесе, сыныпты немесе мектепті ауыстырыңыз. Кейде жалғыз дұрыс қадам осы болуы мүмкін. Егер конфликт созылмалы сипатқа ие болса, әкімшілік әрекетсіз отырса, ал бала күн сайын мектепке қорқынышпен барса, оны қинамаңыз. Баламен сөйлесіп, оның пікірін сұраңыз. Егер келіссе, ауыстыруды созбаңыз. Көптеген адамдар жаңа ортаға түсуден қорқады, бұл стреске ұшыратады деп ойлайды. Бірақ бұрынғы ортадан келетін тұрақты стресс әлдеқайда зиян. Үрей кеткенде, үлгерім де қалпына келеді, ортаға сіңісу де оңайлайды.

    Мұғалім мен оқушы арасындағы келіспеушілік кез келген мектеп өмірінде кездесетін табиғи жағдай. Бұл сәтте ата-ананың байбалам салмай, сабыр сақтап, эмоцияға берілмей, парасатты диалогқа қадам жасауы маңызды. Кез келген келіспеушілікті ұрыс-керіссіз, сабырмен және құқықтық, моральдық шекараларды сақтай отырып шешу балаға оі үлгі, өмірлік сабақ болады.

    Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →