Таразда су арнасынан жаңа туған нәрестенің денесі табылды
Таразда су арнасынан жаңа туған нәрестенің денесі табылды. Полиция анасын іздестіріп, Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша тергеу басталды.
Сурет: pixabay.com
Тараз қаласында су арнасынан жаңа туған нәрестенің денесі табылды. Полиция қазір баланың анасын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға орталық базар маңындағы су арнасында орын алған. Алдын ала дерек бойынша, кіндігі кесілмеген нәрестенің денесін сол төңіректе жүрген балалар байқаған. Олар әуелде суда жатқан затты қуыршақ деп ойлаған. Содан кейін ересектерді көмекке шақырып, нәрестенің денесі судан шығарылған.
Жамбыл облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Полиция қызметкерлері анасының жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деді Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
