Баспалдақпен жүру — ұзақ өмір сүрудің қарапайым жолы
Эндокринолог Зухра Павлова баспалдақпен жүрудің денсаулыққа пайдасын айтып, жүрек ауруларынан өлім қаупін 39%-ға төмендететінін атады.
Сурет: stan.kz
Ғалымдар мен дәрігерлер ұзақ өмір сүрудің құпиясын іздеп жүргенде, кейде ең қарапайым шешімдер елеусіз қалады. Эндокринолог Зухра Павлованың айтуынша, баспалдақпен жаяу көтерілу — денсаулықты сақтаудың ең оңай әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап, Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Маманның сөзінше, күн сайын баспалдақпен көтерілу жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім қаупін 39 пайызға, ал жалпы өлім-жітім көрсеткішін 24 пайызға төмендетеді. Сонымен қатар мұндай физикалық белсенділік инфаркт, инсульт және жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр дерттердің алдын алуға көмектеседі.

Дәрігердің пікірінше, нәтиже алу үшін күніне бірнеше қабат жаяу көтерілу жеткілікті. Ең бастысы — бұл әрекетті тұрақты әдетке айналдыру. Тізе буындарына түсетін жүктемені азайту үшін жоғары көтерілуді жаяу, ал төмен түсуді лифтпен жасау ұсынылады. Ал жүрек ауруы ауыр түрдегі адамдарға алғашқы кезеңде бір қабатпен шектелу керек.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы ең жоғары өңірлер анықталған болатын.
