Баланы сүндеттеу: медициналық көрсетілімдер, заманауи әдістер және ота алдындағы тексеру
Баланы сүндеттеу: медициналық көрсетілімдер, заманауи әдістер, ота алдындағы тексеру және отадан кейінгі күтім туралы толық ақпарат.
Сурет: ernur.kz
Баланы сүндетке отырғызу — әр отбасы үшін маңызды қадам. Бұл тек дәстүр ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа да пайдалы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) зерттеулері сүндеттеудің ер адам денсаулығына тигізер оң әсерін дәлелдеп отыр. 2007 жылы ДДСҰ мен БҰҰ-ның АИТВ/ЖҰҚТ бойынша бірлескен бағдарламасының есебінде сүндеттелген ұлдарда несеп жолдары инфекциясының қаупі 4-10 есеге төмендейтіні көрсетілген. Сонымен қатар, халықаралық зерттеулер сүндеттеудің АИТВ жұқтыру қаупін шамамен 60%-ға азайтатынын, адам папилломасы вирусы (АПВ) мен генитальды герпес сияқты инфекциялардың таралуын шектейтінін растайды. ДДСҰ сүндеттеуді инфекциялардың алдын алудың тиімді әдісі ретінде мойындайды, бірақ оны тек стерильді жағдайда жасауды талап етеді. Бұл процедура сондай-ақ ерлерде жыныс мүшесінің қатерлі ісігі қаупін төмендетеді және әйел серіктестерінде жатыр мойны обысының даму ықтималдығын азайтады деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Сүндеттеу кейбір медициналық жағдайларда өте қажет. Мысалы, фимоз кезінде шеткі тері тар болып, мүше басын ашуға мүмкіндік бермейді, бұл зәр шығаруды қиындатып, ауырсыну тудырады. Мұндайда сүндеттеу — жалғыз тиімді ем. Сондай-ақ, баланопостит пен қайталанатын қабынулар кезінде, егер дәрі-дәрмекпен ем нәтиже бермесе, хирург сүндеттеуді ұсынады. Парафимоз — шеткі терінің мүше басын қысып қалуы — шұғыл араласуды қажет етеді, әрі бұл да сүндеттеуге көрсетілім болып табылады. Мұндай жағдайларда отаны кешіктірмей жасату баланы болашақта ауыр асқынулардан қорғайды.
Қазіргі таңда дәстүрлі пышақпен кесуден гөрі лазерлік әдіс жиі қолданылады. Лазерлік скальпель тіндерді кесіп қана қоймай, қан тамырларын бірден күйдіріп бекітеді, сондықтан қан кету қаупі айтарлықтай төмен. Отадан кейінгі ауырсыну да аз болады, себебі жүйке ұштары жабылады. Лазердің бактерицидтік қасиеті инфекция қаупін азайтады, ал жара 5-7 күнде жазылады, ал дәстүрлі әдісте бұл 10-14 күнге созылады. Отаның өзі лазермен 10-15 минутта аяқталса, дәстүрлі тәсілде 20-30 минут кетеді.
Ота алдында баланы толық тексеруден өткізу өте маңызды. Ең алдымен жалпы қан анализі мен қанның ұю көрсеткішін (коагулограмма) тексеру қажет. Бұл күтпеген қан кету қаупін болдырмауға көмектеседі. Сараптама нәтижелерімен хирург-уролог пен педиатрға көрініп, баланың анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, ота әдісін таңдаған жөн. Сүндеттеудің сәтті өтуі көбінесе хирургтың біліктілігіне байланысты.
Баланы психологиялық тұрғыдан дайындау да маңызды. Оған процедураны шынайы әрі қарапайым тілмен түсіндіріп, дәрігердің көмектесетінін айту керек. Баланы дәрігермен қорқытуға болмайды, керісінше медицина қызметкерлерінің достық ниетін көрсету қажет. Сүндеттеуді баланың ер жетуіне жасалған қуанышты қадам ретінде сипаттап, оның бойында мақтаныш сезімін оятуға болады. Ата-ананың қасында болуы, қолдау көрсетуі, тіпті кішкене сыйлық дайындау да баланың қорқынышын басуға көмектеседі. Қазіргі практикада баланы мультфильм немесе ойын арқылы алаңдатып, білдіртпей ота жасау тәсілі де қолданылады, бірақ бұл әдістің де өз ерекшеліктері бар.
Отадан кейінгі күтім де маңызды. Дәрігер тағайындаған жақпамайлар мен антисептиктерді күніне 2-3 рет қолдану керек. Жараның айналасын таза әрі құрғақ ұстау, алғашқы 2-3 күнде баланы шомылдырмау, тек астын жуу жеткілікті. 3-4 күннен кейін түймедақ немесе марганцовка қосылған жылы суға отырғызуға болады. Балаға тар киім кигізбеу, белсенді ойындардан шектеу қою қажет. Егер дене қызуы көтерілсе, қан тоқтамаса немесе ірің байқалса, дереу дәрігерге хабарласу керек.
