Тоқаев Каспий теңізінің тартылуына қарсы бірлескен ғылыми зерттеулер мен технологияларды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің тартылуына қарсы бірлескен ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды ұсынып, ортақ цифрлық платформа құруды қарастыруға шақырды.
Сурет: toppress.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің тартылуымен күресу, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық қауіптерді болжау үшін Каспий маңы мемлекеттерін ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды біріктіруге шақырды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Біз Солтүстік Аралдың ауданын 36 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде су сапасы жақсарды, балық қоры қалпына келді, айналадағы аумақтардың экономикалық өмірі біртіндеп жаңғыруда. Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың маңызды бағыты. Дәйекті шаралардың арқасында ақбөкен саны қалпына келтірілді. Қар барысының популяциясы қолдау тауып, сирек кездесетін жануарлар табиғи ортаға қайтарылуда. Бұл оң тәжірибе Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтауға да қолданылуы мүмкін деп есептейміз. Біз тұран жолбарысын қалпына келтіру жөніндегі арнайы бағдарламаны іске асырып жатырмыз және осыған байланысты Ресей Федерациясының Үкіметіне және Ресей Президенті Владимир Владимирович Путинге бірегей жануар – амур жолбарысының бірнеше дарасын жібергені үшін алғыс білдіргім келеді. Олар қазір біздің жағдайымызға сәтті бейімделуде», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Каспий теңізінің экожүйесін тиімді басқару үшін заманауи технологияларды қолданудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы су ресурстарының жай-күйі, жағалау сызығының өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі параметрлер туралы деректерді өңдеу мен талдауға арналған ортақ цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект, заманауи болжау жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық тәуекелдерді уақтылы анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, бейінді мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың жұмысы үшін ортақ цифрлық негіз бола алады», – деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біздің редакция «Барлық БАҚ» серіктестік желісіне қатысады.
Мерзімді баспа басылымын, ақпараттық және желілік басылымды есепке қою, қайта есепке алу туралы №166332-ИА куәлік 2017 жылғы 11.08 берілген. Редакция пікірі сайт авторлары мен комментаторларының пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.
