Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғары технологиялық компаниялары басшыларымен кездесіп, екіжақты серіктестіктің жаңа деңгейін атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесу «дөңгелек үстел» форматында өтіп, Қытай бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы қытайлық әріптестеріне шынайы алғысын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті жоғары бағалады.
– Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз бірге қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отызжылдығына» аяқ бастық. Елдеріміздің өзара іс-қимылы сапалық жағынан мүлде жаңа деңгейге шыққанын айтуға толық негіз бар. Халықтарымызды өзара сенім, шынайы достық және болашаққа ортақ көзқарас біріктіреді. Осы орайда менің қымбатты досым Қытай Халық Республикасының Төрағасы мырза Си Цзиньпинге екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін терең алғысымды білдіргім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
