eGov Mobile-де отбасы әл-ауқатын бағалайтын калькулятор іске қосылды
eGov Mobile қосымшасында отбасы әл-ауқатын бағалауға арналған калькулятор іске қосылды. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік көмекті отбасының нақты жағдайына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында пайдалануға берілді.
Фото: gov.kz
eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайдалануға берілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, сервис 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылып отыр.
«Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады. Бұл ретте отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі», – делінген хабарламада.
Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді.
«Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды», – делінген хабарламада.
