Айти-Нагоя 2026 Азия Пара ойындарында Қазақстан туы көтерілді
Нагояда Айти-Нагоя 2026 V Азия Пара ойындарының ашылу рәсімі өтті. Қазақстан туын Дастан Мұқашбеков пен Аяла Мереке алып шықты, 152 спортшы 12 спорт түрінен сынға түседі.
Фото: Паралимпиада комитеті
Жапонияның Нагоя қаласындағы Мидзухо саябағының жеңіл атлетика стадионында бүгін, 18 қазанда Айти-Нагоя 2026 V Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық делегациялар шеруінде Қазақстан құрамасының өкілдері де сап түзеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Париж-2024 Паралимпиада ойындарының пара жеңіл атлетикадан қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке алып шықты.
Ойындарда Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 152 спортшы өнер көрсетеді: пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және арбадағы теннис. Қазақстанның Азия Пара ойындарына қатысу тарихында алғаш рет ел спортшылары арбадағы теннистен сынға түседі.
Ашылу салтанатында Қазақстан құрамасына Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Советович Боранбаев, ҚР ҰПК вице-президенттері Бақыт Аманжолович Сапаров және Диас Төлеутаевич Сүлейменов қолдау білдірді.
Қайрат Боранбаев құрамаға сәтті өнер көрсетуді тілеп, қазақстандықтарды спортшыларға қолдау көрсетуге шақырды.
