Фото: Pixabay
Астана мектептерінің 1-сыныбына құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында елорда мектептеріне 34 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Өткен жылы бірінші сыныпқа 32 631 бала қабылданған.
— Бірінші сыныпқа мектеп аумағында тіркелген, алты жасқа толған немесе биыл алты жасқа толатын балалар қабылданады. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын қоспағанда, балаларды мектепке қабылдау олардың дайындық деңгейіне қарамастан жүргізіледі, — деді ол.
Ата-аналар құжатты eGov.kz порталы мен «OQU» жүйесі арқылы онлайн тапсыра алады. Құжат өткізу үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші, № 065/у және № 052-2/у үлгісіндегі медициналық анықтамалар, сондай-ақ баланың 3×4 көлеміндегі фотосуреті қажет.
Сонымен қатар, әр мектепте ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы қабылдау комиссиялары құрылған.
