Фото: Pixabay
Павлодар қаласында жас қызға шабуыл жасап, зорламақ болды деп айыпталған 35 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Оқиға 2025 жылдың қараша айында болған. Бұған дейін ұрлық және тонау баптары бойынша бірнеше рет сотталған күдікті Камзин көшесіндегі “Тубдиспансер” аялдамасының маңында жүрген. Сол сәтте ол құрбысын күтіп тұрған бойжеткенді байқап, оған жақындаған.
Алғашында ер адам “Дачный” шағынауданына қалай жетуге болатынын сұраған. Кейін әңгіме бастауға тырысқанымен, қыз сөйлесуден бас тартқан.
Сот материалдарына сәйкес, содан кейін күдікті бойжеткенді белінен ұстап, бұталардың арасына қарай сүйреп әкеткен. Ол қыздың шалбарын шешуге әрекеттеніп, қорқытып, телефонын лақтырып жіберген.
Осы уақытта жәбірленушіні іздеген құрбысы оған хабарласқан. Қыздың құлағында құлаққап болғандықтан, ол телефонына әрең жетіп, қоңырауға жауап берген. Құрбысы оның айқайлаған дауысын естіп, бірден оқиға орнына жүгіріп барған.
Сот үкімінде ер адамның жәбірленушіні әдейі зорламақ болғаны айтылған. Өйткені қыз оған телефонын, ақшасын және қолындағы бар заттарын беруге дайын екенін жеткізгеніне қарамастан, күдікті әрекетін тоқтатпаған. Құрбысы келіп айғай салған кезде ғана ер адам қорқып, бойжеткенді жіберіп, қашып кеткен.
Оқиғадан кейін күдікті Алматы қаласына кетіп қалған. Алайда көп ұзамай ұсталып, оған зорлауға оқталу бабы бойынша айып тағылды.
Сот барысында ер адам өз кінәсін толық мойындаған. Нәтижесінде оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
