Трамп: «Иран кемелерін есірткі тасымалдаушылар сияқты жоямыз»

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс жаңа деңгейге көтерілді: Пәкістандағы келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін, Америка Құрама Штаттары Иранның теңіз порттарын әскери блокадаға алды. АҚШ президенті Дональд Трамп қоршауға жақындаған кез келген ирандық кеменің көзін жоюға бұйрық берсе, Иран тарапы АҚШ-тың әскери-теңіз күштерінің кемелерін суға батыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұған дейін АҚШ-тың Иранның барлық «жылдам шабуылдаушы кемелерін» елеулі қауіп деп санамағандықтан жоймағанын жазды.

«Ескерту: егер осы кемелердің кез келгені біздің қоршауымызға жақындаса, олар дереу жойылады. Біз теңіздегі қайықтармен есірткі тасымалдайтындарға қарсы қолданатын жою жүйесін пайдаланамыз. Бұл – жылдам әрі қатыгез әрекет. P.S. АҚШ-қа теңіз немесе мұхит арқылы келетін есірткінің 98,2%-ы тоқтатылды», – деп жазды Трамп.

Бұған жауап ретінде Иранның қорғаныс министрі міндетін атқарушы елдің «кез келген жағдайға» дайын екенін айтып, кез келген агрессияға «қатаң әрі нақты жауап» берілетінін ескертті.

Бригада генералы Маджид Ибн Реза Иран қарулы күштерінің ең жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірілгенін хабарлады.

Ал Иранның Сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүшесі Алаэддин Боруджерди АҚШ-қа ескерту жасап, Иран порттарын блоктауға тырысқан кез келген әскери кеменің суға батырылатынын жеткізді.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы 13 сәуірде Шығыс жағалау уақытымен сағат 10:00-де (Қазақстан уақытымен 19:00) Иран порттарына кіретін және шығатын барлық кемелерге тосқауыл қоя бастады. Қолбасшылықтың мәлімдеуінше, блокада Парсы және Оман шығанақтарындағы барлық ирандық порттарға қатысты және барлық елдің кемелеріне бірдей қолданылады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика