Фото: freepik.com
Қыс мезгілінде адам ағзасы суық ауа райы мен күн сәулесінің жетіспеушілігіне байланысты әлсіреп, түрлі жұқпалы ауруларға бейім келеді. Бұл кезеңде иммундық жүйені нығайту және ағзаның жалпы қорғаныс қабілетін арттыру үшін дәрумендердің рөлі ерекше, деп хабарлайды Qazaq.Today ақпарат порталы.
Қыста адамдар әсіресе мына дәрумендерге назар аудару қажет:
1. D дәрумені
D дәрумені күн сәулесі арқылы табиғи жолмен өндіріледі. Қыс айларында күн көзі аз болатындықтан, бұл дәрумен ағзада жетіспеуі мүмкін. Ол сүйек пен тіс саулығы үшін маңызды, сондай-ақ иммундық жүйені нығайтады. D дәрумені балық майы, жұмыртқаның сарысы, бауыр, сүт өнімдерінде кездеседі. Қажет жағдайда дәрігер кеңесімен қосымша қабылдауға болады.
2. C дәрумені
Иммунитетті көтеретін негізгі дәрумендердің бірі. Ол вирустар мен бактерияларға қарсы ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады. Сонымен қатар, тері, қан тамырлары және сүйектердің саулығына әсер етеді. C дәрумені итмұрын, лимон, қарақат, көк пияз, орамжапырақ сияқты өнімдерде көп болады.
3. A дәрумені
А дәрумені көру қабілетін жақсартады, тері мен шырышты қабықтарды қорғайды. Ол қысқы кезеңде тыныс алу жолдарының жұқпаларына қарсы тұруға көмектеседі. A дәрумені сәбіз, асқабақ, бауыр, сары май мен жұмыртқада кездеседі.
4. B тобы дәрумендері (B1, B2, B6, B12)
B дәрумендері жүйке жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді, зат алмасуды жақсартады, шаршау мен күйзелісті азайтады. B дәрумендері астық өнімдері, ет, балық, жаңғақ, бұршақ тұқымдастарда көп кездеседі.
5. Е дәрумені
Бұл дәрумен — антиоксидант. Ол жасушаларды ерте қартаюдан қорғайды және қан айналымын жақсартады. Е дәрумені өсімдік майларында, жаңғақтар мен тұқымдарда болады.
Қыс айларында дәрумендерді жеткілікті деңгейде тұтыну — денсаулықты сақтаудың, иммунитетті нығайтудың және аурудан қорғанудың басты кілті. Табиғи өнімдер мен дұрыс тамақтану арқылы ағзаңызды қажетті дәрумендермен қамтамасыз етіңіз.
