Кирилл Ли өмірден өтті: 1990 жылдардағы Алматы сахнасының жұлдызы
1990 жылдары «Карина», «Дождь», «Милашка-малолетка» әндерімен танымал болған қазақстандық әнші Кирилл Ли өмірден өтті. Қаралы хабарды Танирберген Бердонгаров жариялады.
Сурет: kznews.kz
Қазақстандық әнші Кирилл Ли өмірден өтті. Ол 1990 жылдары «Карина», «Дождь» және «Милашка-малолетка» әндерімен кеңінен танымал болған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қаралы хабарды Танирберген Бердонгаров Instagram парақшасында жариялады. Ол әншінің шығармашылығын еске алып, оның әндері 1990 жылдары Алматыда ерекше танымал болғанын атап өтті.
«90-жылдары бүкіл Алматы билеген дауыс. «Карина», «Дождь», «Милашка-малолетка» – біздің жастық шағымыздың әндері еді», – деп жазды Бердонгаров.
Оның айтуынша, Кирилл Ли кезінде «Қазақстан сахнасының генералы» деген лақап атқа ие болған.
«Біз, алматылықтар үшін бұл тұтас бір дәуір. Талантты, алғашқылардың бірі болған өнерпаз. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын», – деп жазды ол.
Әншінің қайтыс болу себебі әзірге хабарланған жоқ.
