Астанада әзілкеш сахнадағы балағат сөзі үшін 20 АЕК айыппұл төледі
Астанада стендап-әртіс сахнада балағат сөздер айтқаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сот оның кінәсін мойындауы мен өкінуін ескерді.
Сурет: politico.kz
Астанада стендап-әртіс сахнада айтқан сөзі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаладағы мекемелердің бірінде өнер көрсету кезінде көрермендер алдында балағат сөздер айтқаны үшін оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл туралы Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, әзілкештің өнер көрсету барысында әдепсіз сөздер қолданғаны анықталған. Оның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу және айналасындағыларға құрметсіздік таныту деп бағаланған.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізген. Сондай-ақ ол алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермейтінін айтып, жазаны айыппұлмен шектеуді сұраған.
Істегі құқық бұзушылық бейнежазба арқылы да расталған. Сот кінәсін мойындауы мен өкінуін ескеріп, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Айта кетейік, соттың 7 қарашада қаралған іс бойынша таратқан хабарламасында стендап-әртісінің аты-жөні жарияланбаған.
