Үстірт қорығы блогерлерді фламинго мекендейтін жерде дрон ұшырмауға шақырды
Үстірт қорығының мамандары блогерлер мен туристерді фламинго мекендейтін жерлерде дрон ұшырмауға шақырды. Дрон шуы құстарды күйзеліске түсіреді.
Фото: Блогер Азамат Сәрсенбаевтың желідегі парақшасынан
Маңғыстаудағы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының мамандары блогерлерді, фотографтарды, видеооператорларды және туристерді фламинго көп шоғырланған аумақтарда ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшырмауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, дрондардың шуы мен құстарға тым жақын ұшуы оларға қатты әсер етіп, күйзеліске түсіреді. Егер мұндай әрекеттер қайталанса, фламинго келесі маусымда бұл өңірге оралмауы мүмкін.
Фламингоның Үстірт мемлекеттік табиғи қорығына келуі – Маңғыстаудағы ерекше табиғи құбылыстардың бірі. Алайда қорық мамандарының сөзінше, әдемі кадр түсіруді көздеген кейбір туристер мен блогерлер құстар тобына тым жақын жерден дрон ұшырады.
Мұндай әрекет фламингоның тыныштығын бұзады. Ұшқышсыз аппараттардың шуы құстарды үркітіп, олардың қоректенуіне және тынығуына кедергі келтіреді. Мамандар мұндай жағдай қайталана берсе, фламинго осы аумақтан бас тартып, келесі маусымда өңірге қайта оралмауы мүмкін екенін ескертті.
«Біз үшін бұл – бірнеше секундтық әдемі видео ғана, ал құстар үшін үлкен күйзеліс», – деп атап өтті Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының мамандары.
Сонымен қатар қорық өкілдері құстар жаппай шоғырланған жерлерде дронмен түсіру табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзатынын еске салды.
Қазақстанның «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңының 14-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, итбалықтар, жабайы тұяқты жануарлар жаппай мекендейтін аумақтар мен құстар тобының үстінен ұшақтардың, тікұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының бір шақырымнан төмен биіктікте ұшуына тыйым салынған.
Қорық мамандары бұл талап ұшқышсыз ұшу аппараттарына да қатысты екенін атап өтті. Табиғатты қорғау нормаларын бұзғандарға Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Мамандар блогерлер мен туристерді әлеуметтік желідегі қаралым мен танымалдықты құстардың тыныштығынан жоғары қоймауға шақырды.
«Бір әдемі кадр бірнеше секундқа ғана созылуы мүмкін, ал оның құстарға әсері ұзаққа сақталады. Фламингоның өңірге қайта оралуы үшін олардың тыныштығын бүгіннен бастап қорғайық», – деп түйіндеді қорық өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін қызыл кітапқа енген қоқиқаздың балапанын құтқарып, үйіне алып келген ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев қомақты айыппұл төлеуі немесе қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін екен туралы жазған едік. Бір қоқиқаз жолды көтере алмай, өліп қалды.
