Қазақстандық боксшы Манилада WBF International титулын жеңіп алды
Қазақстандық боксшы Александр Ковригин Манилада Танзания өкілі Рамадан Масуд Иддті үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, WBF International титулын иеленді.
Сурет: sports.kz
Қазақстандық боксшы Александр Ковригин (10-2, 8 КО) кәсіби рингтегі оныншы жеңісіне қол жеткізді. Ол Манилада (Филиппин) өткен бокс кешінде Танзания өкілі Рамадан Масуд Иддмен (9-3, 2 КО) жұдырықтасты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Кездесу Александрдың пайдасына мерзімінен бұрын аяқталды: төреші үшінші раундта екі нокдауннан кейін жекпе-жекті тоқтатты. Ресми қорытынды — Ковригиннің техникалық нокаутпен жеңісі.
Осылайша, Александр Ковригин жеңіл салмақ дәрежесінде WBF International чемпионы атанды. Алматыда туған боксшы үшін бұл 2025 жылдың желтоқсанынан бергі алғашқы жекпе-жек болды. Сол кезде ол грузиялық боксшы Давид Нацвилишвилиді (4-8, 1 КО) техникалық нокаутпен жеңген еді.
