Жұлдыз белгісі бойынша есте сақтау қабілеті: Торпақ пен Арыстан 10/10, Мерген 2/10
Жұлдыз белгілері бойынша есте сақтау қабілетінің он балдық шкаласы: Торпақ пен Арыстан 10/10, Мерген 2/10. Әр белгінің жады ерекшеліктері.
Сурет: ЖИ
Адамдар ақпаратты әртүрлі қабылдап, есте сақтайды. Бірі ұсақ-түйекке дейін ұмытпайды, енді бірі тек өзіне қызықты немесе ерекше әсер қалдырған оқиғаларды ғана жадында ұстайды. Ал кейбір жандарға қазір айтсаң, қазір ұмытып қалады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жұлдыз белгісі арқылы адамның есте сақтау қабілеті қаншалықты екенін болжауға болады. Он балдық шкаламен бағалап көрейік.
Тоқты – 9/10. Тоқтылардың есте сақтау қабілеті өте жақсы. Әсіресе өздері үшін маңызды оқиғаларды, адамдардың айтқан сөздерін және ерекше әсер қалдырған сәттерді ұмытпайды. Бір қарағанда, асығыс әрі шыдамсыз көрінсе де, жадына көп нәрсе сақтап алуы мүмкін. Әсіресе бәсекелестікке қатысты жағдайлар олардың жадында ұзақ сақталады. Біреу жеңілісін ұмытса да, Тоқты оны жылдар бойы есінде ұстауы мүмкін. Алайда өзіне қажет емес ақпаратты ұмытып кетуі ықтимал.
Торпақ – 10/10. Торпақ – жұлдызнама бойынша есте сақтау қабілеті ең мықты белгілердің бірі. Ақпаратты баяу қабылдайды, алайда ұзақ уақыт бойы ұмытпайды. Әсіресе өмірде өзіне қажет болған оқиғалар мен тәжірибелерді жадында жақсы ұстайды. Адамдардың айтқан сөздерін, берген уәделерін және бұрын болған жағдайларды ұсақ-түйегіне дейін еске түсіре алады.
Егіздер – 8/10. Егіздердің есте сақтау қабілеті жақсы болғанымен, жады біркелкі жұмыс істемейді. Жаңа ақпаратты тез қабылдап, қызықты әңгімелерді, адамдардың есімдерін және маңызды деректерді оңай жаттауы мүмкін. Әсіресе өзін қызықтырған тақырыптарға қатысты мәліметтерді ұзақ уақыт бойы ұмытпайды. Дегенмен, Егіздердің ойы бір тақырыптан екіншісіне тез ауысады. Сол себепті кейде маңызды ақпаратты назардан тыс қалдырып, ұсақ-түйекті ұмытып кетуі мүмкін. Бұл олардың жады әлсіз дегенді білдірмейді, тек ақпаратты іріктеп қабылдайтынын көрсетеді.
Шаян – 6/10. Есте сақтау қабілеті көбіне сезіммен байланысты. Өзіне әсер еткен оқиғаларды, жақындарының айтқан сөздерін және ерекше сәттерді ұзақ уақыт бойы ұмытпайды. Отбасылық естеліктерді ерекше бағалайды. Балалық шақтағы оқиғаларды, туған-туыстарының әңгімелерін, бірге өткізген қуанышты күндерді ұсақ-түйегіне дейін еске түсіруі мүмкін. Біреудің көңілін қалдырған сөзін де оңай ұмыта қоймайды. Алайда күнделікті өмірдегі қарапайым ақпаратты есте сақтау оңай бола бермейді. Эмоционалдық әсер қалдырмаған нәрселерді тез ұмытады.
Арыстан – 10/10. Белгі иелерінің есте сақтау қабілеті өте жақсы деп есептеледі. Өзіне қатысты оқиғаларды, адамдардың айтқан сөздерін және ерекше сәттерді ұзақ уақыт бойы жадында сақтайды. Біреудің өзін мақтағанын не сынағанын, көрсеткен қолдауын, жақсылығын ұзақ уақыт есте сақтауы мүмкін. Сонымен қатар, өзіне жасалған әділетсіздікті де оңай ұмыта қоймайды.
Бикеш – 4/10. Он балдық бағалау жүйесінде көрсеткіші төмен болғанымен, бұл олардың ұқыпсыз немесе зердесіз екенін білдірмейді. Керісінше, олар ақпаратты реттеп, жүйелеп қабылдауға бейім. Кейде ұсақ-түйекке көп көңіл бөліп, негізгі ойды назардан тыс қалдыруы мүмкін. Бір істің барлық қырын ойластырып жүріп, қарапайым ақпаратты ұмытып кететін кездері болады. Бірақ өздері үшін маңызды мәліметті реттеп, жазып қойса, оны оңай тауып алады. Ақпаратты жай ғана жаттап алудан гөрі, оның мәнін түсінуге тырысады. Сондықтан бір нәрсені ұмытып қалса да, оны логика арқылы қайта қалпына келтіруі мүмкін.
Таразы – 5/10. Таразылардың есте сақтау қабілеті орташа деп сипатталады. Адамдармен қарым-қатынасқа, әңгімелерге және өзіне жағымды әсер қалдырған оқиғаларға қатысты ақпаратты жақсы есте сақтауы мүмкін. Сондай-ақ біреудің көңіл күйін, айтқан сөзін немесе өзіне көрсеткен қамқорлығын ұмытпайды. Алайда шешім қабылдауда ұзақ ойланып, бір мезетте бірнеше нәрсеге назар аударуы мүмкін. Сол себепті күнделікті ұсақ-түйек ақпаратты ұмытып кететін кездері болады.
Сарышаян – 4/10. Сырттай көп нәрсені байқап, адамдардың мінезін жақсы түсінетіндей көрінеді. Бірақ жұлдызнамалық болжам бойынша, олардың есте сақтау қабілеті аса жоғары емес. Тек өзіне ерекше әсер қалдырған оқиғаларды ұмытпайды. Әсіресе сенімге, достыққа және жеке қарым-қатынасқа қатысты жағдайлар олардың жадында ұзақ сақталуы мүмкін.
Мерген – 2/10. Мергендерге жұлдызнама бойынша есте сақтау қабілетінің ең төмен көрсеткіші берілген. Олар еркіндікті, жаңа әсерлерді және қызықты оқиғаларды жақсы көреді. Сондықтан өткенді ұзақ ойлап отырмай, алға ұмтылуға бейім. Жаңа ақпаратты тез қабылдағанымен, ұзақ уақыт есте сақтауға мән бере бермеуі мүмкін. Әсіресе өздерін қызықтырмайтын мәліметтерді ұмытып кетуі ықтимал. Бірақ саяхат, қызықты кездесу немесе ерекше оқиға жадында ұзақ сақталады. Жаңа тәжірибені оны өзгелермен бөлісу үшін есте сақтауға тырысатыны бар.
Тауешкі – 3/10. Тауешкілердің де есте сақтау қабілеті төмендеу дейді жұлдызшылар. Олар көбіне болашаққа жоспар құрып, мақсатына жетуге көңіл бөледі. Сондықтан басынан өткен жайттарды жадында сақтауға немесе есіне түсіруге көп күш жұмсамайды. Тек жұмысына, жауапкершілігіне және ұзақ мерзімді жоспарларына қатысты ақпаратты жақсы есте сақтауы мүмкін.
Суқұйғыш – 6/10. Суқұйғыштардың есте сақтау қабілеті орташа деңгейде деп сипатталады. Олар жаңа идеяларды, ерекше ақпаратты және өздерін қызықтырған тақырыптарды жақсы есте сақтауы мүмкін. Бұл белгінің өкілдері стандартты емес ойлауымен ерекшеленеді. Ақпаратты жаттап алудан гөрі, оның мәнін түсініп, өз көзқарасымен байланыстыруға тырысады. Сондықтан қызықты тақырыптар бойынша көп мәліметті есте сақтауы мүмкін.
Балықтар – 7/10. Балықтардың есте сақтау қабілеті жақсы деп есептеледі. Әсіресе сезімге, қиялға және ерекше әсерге байланысты ақпаратты ұзақ уақыт бойы жадында сақтайды. Адамдардың көңіл күйін, өзіне айтылған жылы сөздерді және ерекше оқиғаларды жадынан шығармайды. Кейде бұрынғы бір оқиғаны еске түсіріп, сол сәттегі сезімін қайта бастан өткергендей болады. Шығармашылыққа жақын болғандықтан, ақпаратты бейнелер, әуендер немесе оқиғалар арқылы жақсы қабылдауы мүмкін. Бірақ күнделікті міндеттер мен нақты уақытқа қатысты мәліметтерді ұмытып кететін кездері болады.
Осыны білген соң, кей жақындарыңызға «Неге ұмытып кете бересің?» деп ренжуді доғаратын боларсыз.
Дегенмен, есте сақтау қабілеті тек жұлдыз белгісіне байланысты емес. Адамның ұйқысы, зейіні, өмірлік тәжірибесі және ақпаратты қалай қабылдайтыны да маңызды рөл атқарады.
