Ұстаздың ұстанымы: Сапалы балалар контенті – шығармашыл ұрпақтың негізі
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту бүгінде тек білім беру саласының емес, тұтас қоғамның маңызды міндетіне айналды. Цифрлық технологиялар өмірімізге терең енген сайын жас ұрпақтың қандай контент көріп, қандай ақпаратпен сусындайтыны ерекше мәнге ие.
Қазақстандағы ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылы 6–15 жас аралығындағы балалардың 91,7 пайызы интернетті пайдаланған. Бұл көрсеткіш балаларға арналған сапалы, танымдық әрі тәрбиелік контентке деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Осы тұрғыда Qazaqtoday.info порталы ұрпақ тәрбиесіндегі балалар контетінің рөлі жайлы пікірін біліп көрді.
15 жылдан астам тәжірибесі бар мұғалім Ғалия Сабыржанқызының сөзінше, интернет кеңістігі тек мүмкіндік қана емес, белгілі бір қауіптерді де қатар алып келеді. UNICEF пен Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі жүргізген «Kazakhstan Kids Online» зерттеуі балалардың цифрлық ортада жағымсыз контентпен және басқа да қауіптермен бетпе-бет келетінін көрсетті. Мәселен, 9–10 жастағы балалардың 60 пайызы, ал 11–12 жастағылардың 66 пайызы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында жеке аккаунтқа ие.
Мамандардың пікірінше, мәселенің шешімі – тек шектеу қою емес, баланың қызығушылығына сай пайдалы балама ұсыну.
— Танымдық бағдарламалар, балалар киносы, анимация, ғылыми-көпшілік жобалар мен жасөспірімдердің өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беретін платформалар олардың қиялын ұштап, сыни ойлауын дамытуға ықпал етеді. Балалар құқықтарын қорғау саласының мамандары да ата-аналар, педагогтер, IT мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының ортақ жауапкершілігін ерекше атап өтеді. Өйткені қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру үшін бақылаумен қатар, сапалы әрі тартымды контент қажет, — деп санайды ұстаз.
Бүгінгі бала – ертеңгі көрермен ғана емес, жаңа идея мен жаңа мәдениетті қалыптастыратын автор. Сондықтан олардың шығармашылығына жағдай жасау және ұлттық құндылықтарды заманауи тілмен жеткізетін сапалы контент өндіру – болашаққа салынған инвестиция.
Фото: ашық дереккөз
