Қар мен көктайғақ: Қазақстанның 10 облысында жолға шығу қауіпті
«ҚазАвтоЖол» Қазақстанның 10 облысында қар аралас жаңбыр мен көктайғақ болатынын ескертіп, жүргізушілерге сапарға шықпауға кеңес берді.
Сурет: жасанды интеллект
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстанның 10 облысында қар аралас жаңбыр мен көктайғақ болатынын ескертіп, жүргізушілерге аса қажет болмаса сапарға шықпауға кеңес берді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Синоптиктердің болжамынша, 10 қарашада Ақмола, Абай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауады. Осыған байланысты мамандар автокөлік иелерін жылдамдықты асырмауға, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтауға және сапар бағытын алдын ала жоспарлауға шақырды.
Мамандар әсіресе жазғы дөңгелекпен жүрудің өте қауіпті екенін ескертеді. Көктайғақта мұндай дөңгелек жолға дұрыс жабыспайды, көлікті басқару қиындайды және жол-көлік оқиғасының қаупі артады.
