Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 31 шілде 2026 $ 475,4 544,6 5,96
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Балалардың арманына қанат бітіретін жобалар: Алматы облысында жаңа өнер мектептері ашылады

    Балалардың арманына қанат бітіретін жобалар: Алматы облысында жаңа өнер мектептері ашылады

    Фото: ЖИ / Жас Алаш

    Баланың бойындағы талантты ерте байқап, оны дамытуға мүмкіндік беру – болашаққа жасалған маңызды қадам. Алматы облысында осы бағыттағы жұмыстар күшейіп, балаларға арналған шығармашылық және заманауи үйірмелердің мүмкіндігі кеңейіп келеді, деп жазады Qazaqtoday.info.

    Бүгінде өңірде 237 мыңнан астам бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл мектеп жасындағы балалардың 65,9 пайызы. Олардың арасында сурет салуға, музыкаға, биге, театрға қызығатындармен бірге робототехника, бағдарламалау және басқа да жаңа бағыттарды меңгеріп жүрген оқушылар бар.

    Қазір облыста 3 310 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Оларға 74 мыңнан астам бала қатысады. Сонымен қатар спорт секцияларына 88 мыңнан астам оқушы тартылған.

    Алдағы уақытта балалардың мұндай мүмкіндігі одан әрі арта түспек. Қонаев қаласында 600 орындық жаңа Оқушылар сарайын салу жоспарланған. Ал Қарасай, Іле және Талғар аудандарында өнер мектептерін ашу көзделіп отыр.

    Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, жаңа орталықтарда балалар музыка, хореография, бейнелеу өнері, театр және қолданбалы шығармашылықпен айналыса алады. Яғни әр бала өзіне жақын бағытты таңдап, қабілетін дамытуға мүмкіндік алады.

    Бірақ шығармашылық енді тек дәстүрлі өнермен шектелмейді. Балаларға робототехника, 3D-модельдеу, бағдарламалау, STEM, цифрлық өнер және жасанды интеллект элементтері бойынша білім беру де қолға алынуда.

    Мұның бәрі баланың қиялын ғана емес, өз бетінше ойлауын, жаңа идея ұсынуын және оны жүзеге асыруын үйретуге бағытталған.

    Өңірдегі балалардың қабілетін шыңдауға арналған байқаулар мен фестивальдер де тұрақты өткізіледі. Музыка, театр, би, сурет және қолөнер бағытындағы шығармашылық жарыстар жас таланттардың өз өнерін көрсетуіне жол ашып отыр.

    — Ал 2026–2027 оқу жылында бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Қосымша білім беру ұйымдарын көбейту, үйірмелердің сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және талантты балаларды қолдау жоспарланған. Қазір балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткішін 2027 жылға қарай 68 пайызға жеткізу мақсаты қойылып отыр, — делінген басқарма редакцияның ресми сауалхатына берген жауабында. 

    Ең бастысы – әр баланың өз қабілетін байқап көруіне мүмкіндік болуы. Бір бала болашақта музыкант, екіншісі дизайнер, үшіншісі инженер немесе бағдарламашы болуы мүмкін. Ал оның алғашқы қадамы бүгінгі үйірмеден басталуы ықтимал.

    Балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту: жылында балалардың қосымша біліммен қамтылуы 237 120 бала (65,9%) құрады, оның ішінде 31 мемлекеттік, 3 жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарында 31 976 бала, жалпы білім беру мектептерінде дебаттық қозғалыспен, өзін-өзі басқару ұйымдарында 15 367 оқушы, 2816 спорт секцияларында 88 280 бала, 3310 үйірмеде 74 275 оқушы, спорт мектептерінде 23986 оқушы, «Жас Сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының 127 әскери-патриоттық клубтары мен патриоттық сыныптарында жалпы – 3236 бала қамтылған, сонымен қатар балалардың қосымша біліммен айналысуы 2027 жылы 68 % — ға көтеру жоспарлануда.

    Балалар:

    шығармашылық үйірмелерге;

    өнер мектептеріне;

    дебат клубтарына;

    туристік-өлкетану бірлестіктеріне;

    әскери-патриоттық клубтарға;

    спорт секцияларына қатысуда.

    Инновациялық және цифрлық шығармашылық бағыттары

    Мемлекеттік тұжырымдамаға сәйкес қосымша білім беру жүйесінде жаңа бағыттар дамытылуда:

    робототехника;

    бағдарламалау;

    жасанды интеллект;

    виртуалды және толықтырылған шындық;

    инженерлік-техникалық шығармашылық;

    биотехнология және STEM бағыттары.

    Бұл жобалар балалардың XXI ғасыр дағдыларын қалыптастыруға және шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталған.

    Өнер және мәдениет бағытындағы шығармашылық жобалар

    Алматы облысының балалар өнер мектептері мен шығармашылық орталықтарында жыл сайын:

    Қосымша білім беру мекемелерінің есеп беру концерттері;

    «Жас музыкант», «Театрдың ғажайып әлемі» және «Сөз бен Саз» байқаулары;

    «Бояулар құпиясы» сурет көрмелері;

    «Алтын қазына»қолданбалы өнер байқауы;

    «Ақ шағала» хореографиялық фестивалі;

    республикалық және халықаралық шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып келеді.

    Бұл іс-шаралар талантты балаларды анықтауға, қолдауға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →