Ресейден 1003 жүк көлігін өткізуге көмектескен шенеунік 10 жылға сотталды
Батыс Қазақстан облысының бұрынғы шенеунігі Ресейден 1003 жүк көлігін өткізуге көмектескені үшін 100 млн теңге пара алып, 10 жылға сотталды.
Фото: magnific.com
Батыс Қазақстан облысының бұрынғы шенеунігі Ресейден 1003 жүк көлігін кедергісіз өткізуге көмектескені үшін 100 миллион теңге пара алып, сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Астанада Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының бірінің бұрынғы басшысының міндетін атқарушы пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қыркүйек және қазан айларында шенеунік Ресей азаматына Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттері арқылы жүк көліктерін кедергісіз өткізуге көмектесуге келіскен. Осы қызметі үшін оған 100 миллион теңге берілген. Әңгіме жалпы саны 1003 жүк көлігі туралы болып отыр.
Сонымен қатар шенеунік Ресей азаматына өзі жұмыс істеген компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің тәуекелдерді басқару жүйесіне іліккені туралы ақпарат беріп, шектеулерді айналып өту жолдарын көрсеткен.
Екінші сотталушы ақшаны жеткізуге көмектесіп, делдалдық қызметі үшін 24,8 миллион теңге алған. Сот оны парақорлыққа делдал болғаны үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұрынғы шенеунік аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот екеуінің де мүлкін тәркілеп, өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты мемлекет кірісіне тәркілеу және заңсыз табысты өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Прокурор бұрынғы шенеунікке 12 жыл, ал делдалға 1,5 жыл жаза тағайындауды сұраған. Алайда сот екі сотталушының да кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Ал бұрынғы шенеунік үшін антты бұзу жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
4 қарашада шығарылған сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Қазақстанда мемлекеттік шекарадан жүк көліктерін заңсыз өткізуге көмектескен делдалдық топтардың әрекеті бұған дейін де әшкереленген. Мәселен, 2026 жылдың маусымында Түркістан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратурамен бірлесіп, жүк көліктерінің кедендік рәсімдерден жылдам өтуін ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті. Осы іске байланысты 17 адамға қатысты тергеу басталып, бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту кезінде қару-жарақ пен ірі көлемдегі ақша тәркіленген.
