Танымал ақын Ербол Бықыбаев қамауға алынды
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде «Шерзат ісіне» байланысты жазған өлеңдерімен танылған жас ақын Ербол Бықыбаев Тараз қаласында ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Бұл туралы заңгер Дәулетхан Ахметов мәлімдеді.
Заңгердің хабарлауынша, ақынға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни терроризмді насихаттау дерегімен күдік келтірілген.
Дәулетхан Ахметов аталған бапта көзделген жаза қатаң екенін атап өтті. Атап айтқанда, бұл құқық бұзушылық үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық, Ербол Бықыбаев әлеуметтік желіде патриоттық мазмұндағы жырларымен танылған. Әсіресе, «Шерзат ісіне» қатысты жазған өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тараған.
