Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 24 қазан 2026 $ 448,0↓€ 503,7↓₽ 5,50↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Астанада Республика күніне орай «Тарихи сәт» атты зиялы қауым кездесуі өтті

    Астанада Республика күніне орай «Тарихи сәт» тақырыбында зиялы қауым өкілдерінің кездесуі өтті. Жиында тарихи жады, ұлттық құндылықтар және тәуелсіздік мұраты талқыланды.

    Астанада Республика күніне орай «Тарихи сәт» атты зиялы қауым кездесуі өтті

    Сурет: turkystan.kz

    Астана әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мен Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Тарихи сәт» тақырыбында зиялы қауым өкілдерінің тағылымды кездесуі өтті.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Іс-шараның мақсаты – Республика күнінің тарихи мәні мен маңызын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рух пен елдік сананы қалыптастыру.

    Тағылымды басқосуға белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сұраған Рахметұлы, ғалым Қайрат Сақ, сондай-ақ тарихшы-ғалымдар, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесуді ақын, PhD доктор Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп, Республика күнінің ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды.

    Алқалы жиында 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның тарихи маңызы, тәуелсіздік идеясының қалыптасуы, ұлттық бірегейлік, тарихи жады және рухани құндылықтардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі кеңінен сөз болды.

    Басқосу барысында сөз алған Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы және Қайрат Сақ елдік пен егемендіктің қадірі, ұлттық рух, әдебиет пен тарихтың өзара сабақтастығы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ тарихи сананы жаңғырту, өткеннің тағылымын бүгінгі ұрпаққа жеткізу және тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – «Байрағы биік байтағым» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жарық көрген жинаққа туған жерге, елдік мұратқа, тәуелсіздікке және елорда – Астанаға арналған поэзиялық шығармалар топтастырылған. Жинақтың таныстырылымы барысында қазақ поэзиясының ұлттық рухты асқақтатудағы, тарихи сананы қалыптастырудағы және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеудегі маңызы атап өтілді.

    Кездесу барысында ақындар елдік пен еркіндікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен жырларын оқып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Поэзия мен тағылымды ой тоғысқан басқосу ұлттық рух пен тарихи жадының ажырамас байланысын айшықтай түсті.

    Саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры мен халқымыздың қасіретті тарихынан сыр шертетін «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінде өткен бұл кездесу ерекше символдық мәнге ие болды. Өйткені тәуелсіздіктің қадірін терең ұғыну – ел басынан өткен тарихи сынақтарды ұмытпай, азаттық жолында құрбан болған азаматтардың рухына тағзым етумен тығыз байланысты. «Тарихи сәт» атты тағылымды кездесу ел тарихына құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тәуелсіздік мұратын ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған мазмұнды рухани басқосу болды. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →