Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 23 қазан 2026 $ 448,0↓€ 503,7↓₽ 5,50↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ

    Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 104 жыл

    Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 104 жыл
    Фото: ҚазАқпарат

    Бүгін, 23 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы, халқымыздың қаһарман перзенті Мәншүк Мәметованың туғанына 104 жыл толды. Небәрі 20 жасында майдан даласында ерлікпен қаза тапқан батырдың есімі қазақ тарихында мәңгі сақталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 

    Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова 1922 жылы 23 қазанда қазіргі Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Бала күнінде анасы оны «Моншағым» деп еркелеткен. Кейін бұл есім Мәншүк болып қалыптасып, елге сол атпен танылды.

    Болашақ батырдың балалық және жастық шағы Алматы қаласында өтті. Ол мектепті аяқтағаннан кейін медициналық білім алуға ұмтылып, Алматы медицина институтында оқыды. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы оның өмірін түбегейлі өзгертті.

    Майданға өз еркімен аттанған қазақ қызы

    1942 жылдың тамызында Мәншүк Мәметова өз еркімен майданға аттанды. Ол 100-ші жеке атқыштар бригадасының құрамында жауынгерлік міндеттерді орындап, кейін пулеметші ретінде көзге түсті.

    Мәншүк әскери өмірдің ауыртпалығына қарамастан, табандылық пен батылдық танытты. Майданда қару қолдануды меңгеріп, жауынгерлер арасында мергендігімен және қайсарлығымен ерекшеленді.

    1943 жылдың қазанында Невель қаласы маңындағы шайқас оның өміріндегі соңғы ұрыс болды. Қиян-кескі шайқаста Мәншүк жау шабуылына қарсы тұрып, соңына дейін қаруын тастамады. Ауыр жараланғанына қарамастан, пулеметтен оқ жаудыруын жалғастырып, ерлікпен қаза тапты.

    Ерлігі ел жадында мәңгі қалды

    1944 жылдың 1 наурызында Мәншүк Мәметоваға қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осылайша ол бұл жоғары марапатқа ие болған тұңғыш қазақ қызы атанды. Сондай-ақ батыр Ленин орденімен марапатталды.

    Мәншүк Мәметованың ерлігі соғыстан кейінгі ұрпаққа отансүйгіштік пен қайсарлықтың үлгісі болып қалды. Оның өмір жолына арналған әдеби шығармалар жазылып, фильмдер түсірілді. Қазақстанның көптеген қаласында батырдың есімі көшелер мен білім беру мекемелеріне берілген.

    1982 жылы Орал қаласында Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейі ашылды. Бұл музейде батырдың өмірі мен майдандағы ерлігіне қатысты тарихи деректер сақталған.

    Бүгінде Мәншүк Мәметованың есімі тек әскери ерліктің ғана емес, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің, батылдық пен жанқиярлықтың символына айналды.

    Қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған қазақтың батыр қызының туған күні – ел тарихындағы қаһарман тұлғаны еске алып, оның ерлігін кейінгі ұрпаққа дәріптейтін маңызды күн.

     

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →