Шымкенттегі автосервисте өрт шығып, екі жұмысшы зардап шекті
Шымкенттің Тұран ауданындағы автосервисте өрт шығып, екі жұмысшы жеңіл дәрежеде күйік алды. Өрт 56 шаршы метр аумақты қамтып, сағат 19:32-де толық сөндірілді.
Сурет: istockphoto
Шымкент қаласының Тұран ауданындағы автосервистердің бірінде өрт шығып, екі жұмысшы зардап шекті. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, 17 қазанда сағат 19:04-те Темірлан тасжолында орналасқан автосервисте өрт шыққаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер барлау жүргізіп, жалынды сөндіруге кіріскен. Өрт екі жеңіл көлікті және ғимараттың шатырын шарпыған. Жалын 56 шаршы метр аумақты қамтыды.
Сағат 19:32-де өрт толық сөндірілді. Өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді.
Оқиға салдарынан автосервис орталығының екі жұмысшысы жеңіл дәрежеде күйік алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазір мамандар өрттің нақты себебін анықтап жатыр.
