Жоламан Биғабыл Азия ойындарында каратэден алтын медаль жеңіп алды
Қазақстандық каратэші Жоламан Биғабыл Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өткен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұл оның мансабындағы алғашқы Азия ойындарының алтыны.
Сурет: ҰОК
Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық каратэші Жоламан Биғабыл алтын медальға қол жеткізді. Бұл — оның мансабындағы Азия ойындарының алғашқы алтыны.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жеңістен кейін отандасымыз финалдық жекпе-жек туралы әңгімелеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Еңбегімнің ақталып, жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Жалпы, жекпе-жектердің бәрі оңай болған жоқ. Финалда аға жаттықтырушылар мен бас бапкердің берген тапсырмасын орындап, жоспар бойынша жұмыс істедім. Бәрі ойдағыдай өтті. Қобалжу кез келген жарыста болады. Бұл жолы да бапкерлер жігерлендіріп, қолдау көрсетті. Өзім де барынша уайымдамауға тырыстым. Жаттығуда пысықтаған тәсілдерімді жарыста көрсетуім керек болды. Соның бәрін орындай алдым. Финалдағы Өзбекстан спортшысымен бұған дейін кездеспегенбіз. Ол арақашықтықты жақсы сақтап, қорғана білді. Дегенмен дұрыс әдіс-тәсілдің арқасында жеңіске жете алдым. Бұл – тек бастамасы деп ойлаймын. Алда жабық ғимараттарда өтетін Азия ойындары бар. Сонымен қатар әлем чемпионаты күтіп тұр. Ал каратэ Олимпиада бағдарламасына қайта енсе, сол шыңды да бағындыруға бар күшімізді саламыз», – деді каратэші.
