Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде тарихи алтын алды
16 жастағы Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан Брнодағы Гран-при кезеңінде шығыршықпен жаттығуда алтын алып, қазақстандық гимнасшылар арасында тарихи жеңіске жетті.
Сурет: Спорт комитеті
16 жастағы қазақстандық гимнасшы Ақмарал Ерекешева мансабында алғаш рет көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінің чемпионы атанды. Жарыс жексенбіде Чехияның Брно қаласында мәресіне жетті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қатысушылар жекелеген жаттығу түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салды. Ерекешева шығыршықпен жаттығуда үздік нәтиже көрсетті — 29,150 ұпай. Бұған дейін қазақстандық гимнасшылардың ешқайсысы Гран-при кезеңінде осы бағдарлама бойынша жеңіске жетпеген болатын.
Ұлттық құрама қоржынында бұрын осы халықаралық серияның үш алтын медалі бар еді. Әлия Юсупова ұршықпен жаттығуда екі рет Гран-при кезеңінде топ жарса, Эльжана Таниева доппен жаттығуда бір рет жеңіс тұғырынан көрінген.
Жарыстың соңғы күні Ерекешева басқа да жаттығу түрлерінде күміс жүлделерге қол жеткізді. Ол доппен және ұршықпен жаттығуда тек украиналық Таисия Онофрийчукке есе жіберді. Ал таспамен жаттығу финалында польшалық Лилиана Левинскаядан қалып қойды.
Осылайша, 16 жастағы қазақстандық спортшы Брнодағы Гран-при кезеңін бес медальмен аяқтады: оның еншісінде бір алтын және төрт күміс бар. Бір күн бұрын ол жеке көпсайыста тек Онофрийчукке жол беріп, вице-чемпион атанған еді.
