Ақмола облысында екі ауыл мерзімінен бұрын газбен қамтылды
Ақмола облысы Целиноград ауданында Қаражар және Қараөткел ауылдары мерзімінен бұрын газбен қамтылды. 24 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.
Сурет: egemen.kz
Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қаражар және Қараөткел елді мекендеріне табиғи газ жеткізілді. Жоспар бойынша 2028 жылға дейін созылуы тиіс құрылыс-монтаж жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, газ беру жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Осылайша, елорда маңындағы 24 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Жоба аясында шамамен 240 шақырым жаңа газ құбыры тартылды. Қаражар ауданы бойынша табиғи газбен толық қамтылған жетінші елді мекен болса, Қараөткел сегізінші болды. Екі нысанның бір уақытта іске қосылуына олардың бірыңғай магистральдық желі бойында орналасуы септігін тигізді.
Қаражарда 53 шақырымға жуық газ желісі тартылып, бес мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілді. Ал Қараөткелде жаңа газ құбырларының ұзындығы 185 шақырымды құрады. Бұл ауылда 4 мыңнан астам отбасы тұрады, қазіргі уақытта 1,5 мыңға жуық абонент газ жүйесіне қосылған. Газдандыру бес кезеңнен тұратын іске қосу кешендері арқылы жүзеге асырылды. Алғашқы екеуі өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілсе, қалған үшеуі биыл толық аяқталды.
Целиноград ауданында тұрғындарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл Қызылсуат ауылында тиісті жоба іске асырылуда. Жұмыстар аяқталған соң 3 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Сонымен қатар Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған жобаларды іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
