Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 22 тамыз 2026 $ 457,0 534,3 5,52
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Көршілік дәстүр: ауылдан қалаға дейін

    Ауыл мен қаладағы көршілік қарым-қатынас: дәстүрдің сақталуы, қала тұрғындарының пікірі және «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» қағидасының мәні.

    Көршілік дәстүр: ауылдан қалаға дейін

    Сурет: egemen.kz

    Бұрын ауылда көршімен араласу, қуанышты бірге бөлісу, қиындықта қол ұшын созу қалыпты құбылыс еді. Ал бүгінде көпқабатты үйде есіктес тұратын адамын танымайтындар аз емес. Қалалық өмір салты көршілік қарым-қатынасқа қалай әсер етті? Атадан балаға жалғасқан «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» ұғымы қазіргі қоғамда қаншалықты сақталған? Бұл туралы ардагер ұстаз Жібек Мұғауова ой бөлісті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Халқымызда «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген тәмсіл бар. Бұл сөз көрші ұғымының адам өміріндегі қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Көрші ақысы жөнінде қасиетті Құранда да жақын және бөгде көршіге, жолда қалғандарға, қол астындағыларға жақсылық жасау керектігі айтылады.

    «Қазақ халқы бұл ұстанымды ғасырлар бойы берік сақтап келген. Елімізге тағдыр тәлкегімен әр тараптан жер аударылып келген түрлі этнос өкілдерін де халқымыз өзектен теппей, жанынан орын беріп, дастарқанынан дәм ұсынып, бауырына басты. Өздері де әрең күн көріп отырса да, келген адамға қабақ шытпай, барын бөліскен. Осындай дарқандық пен мейірімділікті көрген жандардың қазақ халқына деген ықыласы да ерекше болды. Бұл туралы олардың ұрпақтары әлі күнге дейін айтып келеді. Іргеге келіп қоңсы қонған адамға ерулік беру, көршілік дастарқанын жаю, қиындықта қол ұшын созу – халқымыздың қалыптасқан салты. Яғни көршілік қарым-қатынас тек қатар тұру емес, бір-біріне жауапкершілікпен қарау деген ұғымды білдірген», дейді ардагер ұстаз.

    Оның айтуынша ауылда «сенікі, менікі» деген болмайтын. Үй арасының есігі ашық, бір-бірінің жағдайынан хабардар еді. Аяқ астынан қонақ келсе, көршіге барып, барын сұрап әуре болмайсың. Бір салым шай, бір шөкім тұз, шайлық сүт немесе сіріңке керек болса, көршіден алатынбыз. Басқадан сұрау ұят саналатын.

    «Зейнет жасындағы көршілеріміз жұмыстан келгенде алдымызға өздеріне бір бөлек, бізге бір бөлек тамақ дайындап қоятын. Малдың сүті, ауланған балық, егілген егіннің өнімі де ортақ қуаныш болатын. Алғашқы өнімнен бірге ауыз тиіп, дастарқан басында шаңыраққа ізгі тілек айту – қалыпты дәстүр еді. «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен», «екі жағыңдағы көршің аш отырып, өзің тоқ отырсаң, мұсылмандығыңа сын» деген аталы сөздерді ауыл үлкендері үнемі айтып отыратын. Бүгінде де ауылдарда осы дәстүрді жалғастырып жүрген абзал аталар мен ардақты аналар бар. Олар кейінгі ұрпаққа көршімен сыйластықты өз ісімен көрсетіп, балалар мен немерелеріне көршіге көмектесуді, қолғабыс етуді, таңертең сәлемдесуді, үй-жайына бас-көз болуды үйретіп келеді», дейді Жібек Мұғауова.

    Көршіге деген құрмет – ата-бабамыздан келе жатқан әрі Ислам дініндегі жоғары құндылықтардың бірі. Алайда бүгінгі қала өмірінде бұл дәстүрдің әлсіреп бара жатқанын байқаймыз. Мұны қалалық менталитетпен байланыстырамыз ба, әлде адамдардың мінез-құлқы өзгерді ме – оны әркім әртүрлі түсіндіреді. Әсіресе көпқабатты үйлерде есіктес тұратын көршісін танымайтын, амандаспайтын адамдар бар. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Керісінше, көршілерімен өте жақсы араласатын отбасылар да жетерлік. Кейбір таныстарымыздың бүкіл подъезд тұрғындарымен тығыз араласатынын көріп жүрміз. Той-томалаққа бірге барып, қуанышын бөліседі, қаза болғанда бір-біріне туғанындай қолдау көрсетеді. Мұндай көрініске сүйсінесің. Ата дәстүрдің әлі де жалғасып келе жатқанына қуанасың.

    Қалалық жерде көршілік қарым-қатынастың сақталғанын тұрғындардың өз тәжірибесінен де байқауға болады. Астанада көпқабатты үйде тұратын қала тұрғыны Айгүл Сәрсенова бірнеше жылдан бері көршілерімен тығыз араласатынын айтады. – Біз бір подъезде тұратын адамдардың көбін танимыз. Әрине, бәріміздің жұмысымыз, тіршілігіміз бар. Бірақ амандасып, жағдай сұрап тұрамыз. Біреуінің баласы ауырып қалса, көмектесуге тырысамыз. Қарт кісілер болса, дүкеннен керек-жарағын әкеліп береміз. Мереке кезінде бір-бірімізді құттықтап, кейде дастарқан басында бас қосамыз. Меніңше, көршімен араласу үшін күн сайын үйіне барып отыру міндетті емес. Ең бастысы – бір-біріңді сыйлау, қиын кезде қолдау көрсету және адам ретінде көре білу. Қазір адамдардың көбі жұмыстан шаршап келеді. Бірақ бір ауыз жылы сөздің өзі қарым-қатынасты өзгертеді, дейді ол.

    Ал кейбір қала тұрғындары үшін көршілік қарым-қатынас тек сәлемдесумен шектеледі. Астаналық тұрғын Ерлан Қасымов көршілерімен көп араласа бермейтінін жасырмайды. – Біз көпқабатты үйде бірнеше жылдан бері тұрып келеміз. Есіктес көршілерімді танимын, бірақ жақын араласпаймын. Әркімнің өз жұмысы, отбасы, жеке шаруасы бар. Таңертең жұмысқа асығамыз, кешке үйге шаршап келеміз. Бұрын ауылдағыдай бір-біріне кіріп-шығу қалада қиын сияқты. Оның үстіне кей адамдар жеке кеңістігін сақтағысы келеді. Бірақ бұл көршіге құрмет көрсетпеу деген сөз емес. Қажет болса көмектесуге дайынмын, тек күнделікті араласуға уақытым бола бермейді, дейді қала тұрғыны.

    Жібек Мұғауованың айтуынша, бұрын қазақ қоғамында көршілік ұғымы бүгінгіден әлдеқайда кең болған. «Ертеректе көршінің шеңберін қырық үйге дейін белгілеген деген сөз бар. Алдыңғы, артқы және екі бүйірдегі үйлердің тұрғындары көрші саналған. Сонда бір ауылдың немесе көпқабатты үйдің тұрғындарының барлығы дерлік бір-біріне көрші болып шығады. Осындай кезде көршілердің арасындағы үлкендер мен зиялы қауым өкілдері жұрттың басын біріктіріп, мәдени-көпшілік және мерекелік шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болса, кейінгі ұрпаққа да жақсы үлгі болар еді. Қоғамда адамдардың бір-бірімен байланысы әлсіреген сайын, жалғыздық, немқұрайлылық сияқты мәселелер де көбейеді. Сондықтан көршілік мәдениетін сақтау – тек салт-дәстүрді жалғастыру емес, қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершілікті күшейтудің бір жолы», дейді ол.

    Сондықтан өз ұрпағымызды көршіні сыйлауға, ағайындай араласуға, қолдан келген көмегін аямауға үйретсек, олардың бойында мейірімділік пен қамқорлықтың, ізгілік пен ынтымақтың қалыптасуына үлес қосқанымыз. Көршілік – бір үйдің немесе бір подъездің мәселесі емес. Бұл – қоғамдағы адамдар арасындағы байланыстың бір көрінісі. Үлкендер кейінгі ұрпаққа өз өнегесін көрсетсе, жастар да бұл дәстүрді жаңа заманға сай жалғастыра алады. Көршімен міндетті түрде күн сайын араласу қажет емес шығар. Бірақ амандасу, жағдайын сұрау, қиындықта қол ұшын созу, қуанышына ортақтасу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі адам арасындағы жылылықты сақтайды. Өйткені «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөздің мәні – қатар тұрған үйдің адамын тану ғана емес, жанындағы адамға жауапкершілікпен қарау. Ал мұндай құндылық қай қоғамда да өз маңызын жоғалтпайды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →