Экрандағы махаббат: кино мен өмір арасындағы алшақтық
Кино мен шынайы өмірдегі интимдік қарым-қатынас арасындағы алшақтық туралы маңызды ойлар. Экрандағы бояма көріністерге еліктеудің қателігі мен шынайы сезімге сену керектігі жайлы.
Сурет: ernur.kz
Кино көрермендері экрандағы кейіпкерлердің махаббат хикаялары мен интимдік өміріне еріксіз тамсанады. Режиссерлер кадрдың мінсіз, эстетикалық әрі әсерлі шығуына барынша тырысады. Алайда, экраннан көрген әдемі көріністерді шынайы өмірде айна-қатесіз қайталауға ұмтылу – қателік, себебі кинематографиялық фантазия мен шынайы физиология арасында үлкен алшақтық бар.
Толқыны тулаған теңіз, жанға жайлы құм, күннің көз тарта қызарып батуы, ғашықтардың сезім жетегінде құм үстіне құлауы – мұның бәрі кинода өте әсерлі көрінеді. Бірақ өмірде жағажайдағы жақындық соншалықты жағымды емес. Одан кейін денеге жабысқан құмды тазалау әлекке салады, ал «қызу әрекет» кезінде дене мүшелерінің қуыс-қуысына құм кіруі ықтимал. Сондай-ақ құм түйішіктері арасында түрлі жәндіктер мен ұсақ ағзалардың жасырынуы да жағымсыз жайт.
Фильм кейіпкерлері бір ретпен шектелмейді: бір рет шыңырау шегіне жеткен соң сырласып, қалжыңдасып жатып, екінші, үшінші айналымды бастап кете алады. Көрермендер өздерінің жеке өмірін қызықсыз деп ойлауы мүмкін, бірақ шынайы өмірде қатарынан бірнеше рет жақындасу жиі бола бермейді. Мұндай қайталаулар құмарлығы жоғары жұптарда немесе жас жұптарда сирек кездеседі. Айына 10 рет жақындасу шындыққа жанасса, бір түнде бірнеше рет жақындасу бояма жалғандыққа жақынырақ.
Экранда кейіпкерлер ләззаттың ең жоғарғы сәтін бір уақытта бастан кешіріп, бір-бірінің көзіне қарап рахатқа батады. Шындығында, шырқау шегіне бір мезетте жету өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан әр жұпты бір уақытта «босаңсуға» міндеттеу миға сыймайды, оған мақсатты түрде ұмтылу процестің сәнін кетіруі мүмкін.
Фильмдерде бәрі бір сәтте басталады: кейіпкерлер бір-біріне қарап, бірден сезімге беріледі. Өмірде жалынның бірден шарпуы қиын, кейде алкогольдан масайғанда ғана болуы мүмкін. Шынайы өмірде адамға бірден тарпа бас салу махаббат жалыны емес, жабайылық деп қабылданады. Көп жағдайда серіктесті баппен сылап-сипап, жылы сөздермен жібітіп, нәзіктік пен сабырлылық арқылы сезімін оятқан жақындық сәтті аяқталады.
Кинода кейіпкерлер кез келген маңызды шаруаны кейінге қалдырып, жақындасуға дайын тұрады. Нақты өмірде адам шаршауы, денсаулығы мүмкіндік бермеуі немесе көңіл-күйінің болмауы – қалыпты жағдай.
Кинодағы көріністер «Интимдік бұйымдарды тек жалғызбастылар қолданады» деген түсінік таңады. Іс жүзінде, кез келген ерлі-зайыптылар қарым-қатынасты жандандыру үшін мұндай заттарды пайдаланса, оның еш әбестігі жоқ.
Кинода жұптар бірінші реттен-ақ бір-бірінің нәзік нүктелерін тап басып, мінсіз үйлесім табады. Ал өмірде жаңа серіктеспен бірінші рет жақындасқанда қобалжу, бір-бірін жақсы білмеу, белгісіздік, түсініспеушілік сияқты сезімдер араласуы әбден мүмкін. Сондықтан бәрінде бірдей «бірінші реті» сәтті бола бермейді. Бұл қалыпты жағдай және кейінгі кездесулердің жақсы болуына еш кедергі емес.
Кино – шындықтың айнасы емес, көркемөнердің бір түрі, қиялдың жемісі. Режиссерлердің басты мақсаты – көрерменге әсерлі шоу ұсыну. Кинодағы ойдан шығарылған стандарттарға ұмтылып, өзіңізге және жұбыңызға шектен тыс талап қою сенім мен тыныштыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Шынайы өмірдегі жақындық ешқандай сценарийсіз, әбігерсіз болғаны абзал. Екі адамның бір-біріне деген шынайы сезімі мен түсіністігі маңызды. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың екеуі де қаласа, қарым-қатынасқа жаңа серпін беретін «махаббат бұйымдарын» пайдалану да қалыпты әрекет, тартынбай қолданып көріңіз. Экрандағы бояма фантазияға емес, өз жүрегіңіз бен шынайы сезімдеріңізге сенім артыңыз.
Төре СЕЙІТХАН,
