Грузияда жаппай электр қуаты өшіп, қалпына келтіру басталды
Бейсенбі кешке Грузияның бүкіл аумағында, соның ішінде астанасы Тбилисиде электр қуаты өшіп, жарық сөнуі орын алды. Екі сағаттан кейін қалпына келтіру кезең-кезеңмен басталды.
Сурет: tengrinews.kz
Бейсенбі күні кешке Грузияның бүкіл аумағында, соның ішінде астанасы Тбилисиде де электр қуаты өшіп, жарық сөнгені туралы РИА Новостиге сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларының мәліметінше, бұл жарық сөнуі жаппай орын алған. Астанада бағдаршамдар жұмысын тоқтатып, тұрғындар әртүрлі аудандарда электр қуатының үзілуіне шағымданған. Кең көлемді апаттың себебі әзірге белгісіз. Болжам бойынша, қандай да бір электр станциясында ірі авария болуы мүмкін.
Екі сағаттан кейін Мемлекеттік электр жүйесі Грузияда электрмен жабдықтауды кезең-кезеңмен қалпына келтіре бастағанын хабарлады. Мекеменің мәлімдемесінде: «Бүкіл ел бойынша электрмен жабдықтауды қалпына келтіру кезең-кезеңмен жалғасуда. Қазіргі уақытта Тбилисиде – Дидубе, Ваке, Мтацминда және Крцаниси аудандарында ішінара қалпына келтірілді. Сондай-ақ Кутаиси, Чиатура, Сачхере, Они және Амбролаури қалаларының бір бөлігінде электр қуаты қайтарылды», – делінген.
Мемлекеттік электр жүйесі мамандар апаттың нақты себебін анықтауды жалғастырып жатқанын қоса айтты. Тексеру аяқталғаннан кейін қоғамға қосымша ақпарат ұсынылады.
