«Қазақмыс» Тобы еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жұмыскерлер мен олардың отбасын қолдау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Компания өндірістік-тұрмыстық жағдайды, медициналық қамсыздандыруды, тұрғын үй бастамасын және атаулы әлеуметтік көмекті қамтитын кешенді бағдарламаны іске асыруда. Басым бағыттардың бірі – кәсіпорынның көлік инфрақұрылымын дамыту. 2026 жылы өндірістік бөлімшелер үшін жалпы құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын 90 Yutong және ПАЗ автобустары сатып алынды. Автопаркті жаңарту қызметкерлерді тасымалдау кезінде жайлылық пен қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар компания санитарлық-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда санитарлық тораптар мен жуынатын бөлмелерді қоса алғанда 81 нысанда жөндеу жұмысы атқарылуда. Бағдарламаның жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайды, жұмысты аяқтау 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Вахтамен жұмыс істейтін персоналға арналған тұрмыстық бөлмелерді жаңарту жұмысы да жалғасуда. Мұнда киім ауыстыратын бөлме, демалыс бөлмесі және жатақханалар жабдықталуда. Нұрқазған байыту фабрикасында 567 адамға арналған заманауи әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы жеке жоба ретінде жүзеге асырылатын болды. Жобаның құны 2 млрд. теңгеден асады, нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Медициналық инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаражат бөлінуде. Жезқазған медициналық орталығына құны 457 млн теңгені құрайтын заманауи кардиологиялық жабдық алынып жатыр. Сонымен қатар кәсіпорындардың медициналық пунктін жабдықтау және медициналық көлік паркін жаңарту жұмысы жалғасуда. 2026 жылы компания жалпы құны 2,5 млрд. теңгеге 25 жедел жәрдем автокөлігін сатып алуды жоспарлап отыр. Жұмыскерлер мен олардың отбасына арналған атаулы әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылуда. 2026 жылдың басынан бері 5751 адам түрлі қолдау шарасымен қамтылды, ал көрсетілген көмектің жалпы көлемі 989 млн. теңгені құрады. 2941 жұмыскерге қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар шипажайлық-курорттық емдеу бағдарламасы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау және өндіріс ардагерлерін сауықтыру шаралары жүзеге асырылуда.
Тұрғын үй бағыты жүйелі түрде дамып келеді. 2026 жылдың наурыз айында компания жұмыскерлеріне өтеусіз негізде 13 пәтер берілді. Маусым айында 16 қызметтік пәтерді жеңілдетілген бағамен сату жоспарлануда, ал жыл соңына дейін Балқаш қаласында тағы 152 қызметтік тұрғын үй беру көзделіп отыр. Жұмыскерлердің отбасын қолдау компанияның ерекше назарында. 2026 жылдың жазында қызметкерлердің 1200 баласы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының Щучинск және Балқаш қалаларындағы филиалдарында жазғы демалысын өткізеді. Балалар демалысы бағдарламасын қаржыландырудың жалпы көлемі 450 млн. теңгені құрайды. Компания қауіпсіздікке, еңбек жағдайын жақсартуға және жұмыскерлердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инвестицияны жүйелі түрде ұлғайтып келеді және әлеуметтік қолдауды тұрақты даму стратегиясының негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырады.
