«Президенттің туыстарына қатысым жоқ!»: Азамат Үсімбеков өзіне тағылған айыптарға жауап берді (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

“VD Stroy Engineering” компаниясының басшысы Азамат Үсімбеков өзіне тағылған айыптарға алғаш рет ашық түрде жауап беріп, компанияның президент туыстарымен байланысы жөніндегі әңгімелерге пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Соңғы айларда компания бірнеше даулы оқиғамен байланысты аталып жүр. Соның бірі — журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс. Бұл іс журналистің “VD Stroy Engineering” туралы жарияланымдарынан кейін қозғалған.

Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында 36 жастағы кәсіпкер отбасының құрылыс бизнесімен 20 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, әкесі бұл саланы Ақтөбеде бастап, кейін компания қызметі республикалық деңгейде дамыған.

Үсімбеков компанияның билікпен байланысы бар деген әңгімелерді жоққа шығарды.

— Мен Президенттің саясатын қолдаймын, құрметтеймін. Бірақ онымен ешқандай байланысым жоқ. Өмірімде бір рет те көрмегенмін. Туыстарымен де таныс емеспін. Ботагөз Омарова мен “Азаттық” жазбаса, олар жайлы тіпті білмейтін де едім, — деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, компания тәулік бойы құрылыс және өндіріс саласында жұмыс істейді.

— Бізге қателесуге болмайды. Максималды түрде жұмысқа фокус қоямыз. Ботагөз Омароваға қатысты айтсақ, біз оны сотқа бердік. Ал “Азаттық” тек болжам жасағанын айтты. Сондықтан халық өз аузымнан естісін деп сұхбатқа келдім. Мен Ақтөбеде туған қарапайым қазақтың баласымын, — деді Үсімбеков.

Сонымен қатар ол өзін Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосыновпен байланыстыратын пікірлерге де жауап берді.

— Ербол Мырзабосыновпен Жаңа жылдың алдында таныстым. Мен садақ ату федерациясын басқарамын. Оған дейін қоғамдық жұмыстарға қатыстым, депутаттыққа сайлауға түстім, экологиялық жобалармен айналыстым, — деді компания басшысы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика