Фото: massaget.kz
Талғар ауданында тағы трагедия. Журналист Нұртай Лахан әлеуметтік желідегі жеке парақшасына 24 жастағы жиенінің адам қолынан қаза тапқанын жазған еді. Онда Нұртай Лахан өз жазбасында қылмыс болған күнді түсіндіріп берген.
«Небары 24 жаста еді. Артында бір жасқа енді толған екі қызы қалды. Талғар ауданы Нұра ауылында тұратын жиенім кеше түнгі бірде он жыл бұрын қайтыс болған әкесінің зиратына барып, құран бағыштаған. Ажал айдады ма, кім білсін. Жанында інісі болған. Қайтарда жол үстінде көліктің төрт есігін айқара ашып тастап отырған үш жігітті көрген. «Есікті жабыңдар, өтіп кетейік» дейді. «Керек болса, айналып өтіңдер» дейді. Бұлар көп ерегеспей, кетіп қалады. Үйіне келіп, көліктен түскен сәтте арттарынан қуып келген үшеудің біреуі сөзге келместен екі өкпеден бір мезетте пышақ сұққан. Қолына екі пышақ ұстап келгенін байқатпаған», — деп жазған журналист.

Алматы облысының полиция департаменті оқиғаны растады. Сақшылар қылмыскерлерді қамауға алу үшін ауылды қоршауға алған.
«11 мамыр күні Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны ауруханада пышақ жарақатынан қаза тапты, осы өлімге қатысы бар деген күдікпен үш жігіт ұсталды. Адам өліміне қатысты хабар түсе сала полицияның бүкіл наряды аяғынан тік тұрып, блокбекеттер қойылды. Жедел-іздеу кезінде қаза тапқан жігіттің үш ауылдасы ұсталды. Осы іске қатысты «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлайды Алматы облысының полиция департаменті.
