Иран: Украина біз үшін заңды әскери нысанаға айналуы мүмкін

Иран Украинаға қатысты қатаң мәлімдеме жасап, егер Киев Израильге әскери көмек көрсетуді тоқтатпаса, соққы беруі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы мәлімдеді. Оның айтуынша, Киевтің Израильге қолдау көрсетуі екі ел арасындағы жағдайды ушықтыруы ықтимал.

«Егер Киевтегі билік Израильге әскери көмек көрсетуді, соның ішінде дрон жеткізуді жалғастырса, Украина аумағы Иран үшін заңды әскери нысанаға айналуы мүмкін», — деп атап өтті комитет басшысы.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский елінің Таяу Шығыс мемлекеттерімен ирандық дрондарға қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын күшейткенін айтқан болатын. Оның сөзінше, украиналық мамандар мен дронға тосқауыл қоятын жүйелер Иордания аумағына жіберілген.

Зеленский Украинадан әскери көмек сұраған елдердің саны 11-ге жеткенін, олардың қатарында Еуропа мен Таяу Шығыстың бірқатар мемлекеті, тіпті Сауд Арабиясы да бар екенін жеткізді.

Бұл жағдай Ресей мен Иранның әскери одақтастығы аясында өршіп отыр. Киевтің дерегінше, ресми Тегеран Мәскеуге мыңдаған «Шахед» дронын, сондай-ақ оларды өндіру технологиясын берген.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика